Егіс көлемі жыл сайын ұлғайып келеді.
Түркістан облысы аграрлық секторда жаңа нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында егін жинау науқанының қорытындысы шығарылды. Өңірде су үнемдеу технологиялары есебінен өнімділік артып, ауыл шаруашылығының даму қарқыны тұрақты сақталуда. Егіс көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артып, 907 мың гектарды құрады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында соңғы үш жылда тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізу есебінен егіс көлемі 43,4 мың гектарға ұлғайған. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың жіті бақылауында.
Аудан-қалалар арасында егіс көлемін арттыру бойынша көшбасшылар қатарында Отырар ауданы (20,8 мың га), Арыс қаласы (9,2 мың га), Сарыағаш ауданы (6,5 мың га), Бәйдібек ауданы (4,8 мың га) және Сауран ауданы (2,3 мың га) бар. Егіс құрылымы әртараптандырылып, дәнді дақылдар – 342 мың гектар (+9,8 мың га), майлы дақылдар – 73,0 мың гектар (+2,4 мың га), көкөніс пен картоп – 55,9 мың гектар (-1,9 мың га), бақша дақылдары – 62,0 мың гектар (-11,4 мың га), мал азықтық дақылдар – 229,9 мың гектар (+0,2 мың га), мақта – 144,5 мың гектар (+38,1 мың га) жерге егілді.
Дала жұмыстарына қажетті 93,3 мың тонна жанар-жағармай бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Күзгі дала жұмыстарына қарастырылған 38 мың тонна жанар-жағармайдың барлығы толық сатып алынды, оның 12,4 мың тоннасы (1768 ауыл шаруашылығы құрылымдарына) босатылды. Жанармайдың босату бағасы 251–253 теңге/литр, бұл нарықтық бағадан 18 пайызға төмен.
Мемлекет басшысының минералды тыңайтқыштарды ғылыми негізде енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға облыстық бюджеттен 12,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 781 мың гектар егіс алқаптарына 227,1 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіліп, жоспар 120 пайызға орындалды (жоспар – 190 мың тонна). Соңғы үш жылда тыңайтқыш қолдану көлемі 2 есе артқан.
Аграрлық секторды несиелендіру күшейді. 2025 жылдың 10 айында аграрлық салаға 26,4 млрд теңге қаржы бағытталды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп. Несиелендіру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Оңтүстік» АИО және «Ырыс» МҚҰ» ЖШС және «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жүргізіледі.
Облыстағы ауыл шаруашылығы техникасының жалпы саны 25 мың бірлікті құрайды, оның ішінде 16 мың трактор, 1,8 мың комбайн және 11,6 мың түрлі қосалқы агрегаттар бар. Биыл шаруалар 1 531 жаңа техника сатып алды, нәтижесінде техника паркі 8,8 пайызға жаңарды, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін жетеді деп күтілуде.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың қолдауымен биыл «Оңтүстік» АИО арқылы 470 млн теңге бөлініп, Жетісай ауданында «Мақталы Жер» ЖШС-нің машиналық-технологиялық станциясы (МТС) құрылды. Серіктестіктің балансында 87 техника, оның ішінде 37-сі несие есебінен сатып алынған. Сонымен қатар «Мырзакент-Агро» ЖШС де өз қаражаты есебінен МТС ашты. Бұл орталықтар жергілікті агроқұрылымдарға қолжетімді бағада қызмет көрсетіп, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыруға елеулі үлес қосуда.
Жалпы облыс бойынша егін жинау науқаны сәтті өтті. Биыл 695 мың тонна дәнді дақылдар (2024 ж. – 860,9 мың тн.), 54 мың тонна майлы дақылдар (2024 ж. – 73,0 мың тн.), 1,2 млн. тонна көкөніс (2024 ж. – 1,2 млн. тн.), 298 мың тонна картоп (2024 ж. – 284,5 мың тн.), 1,7 млн. тонна бақша (2024 ж. – 1,8 млн. тн.), 5,2 млн. тонна мал азықтық дақылдар (2024 ж. – 6,5 млн. тн.) және 428 мың тонна мақта (2024 ж. – 302 мың тн.) жиналды. Қуаңшылық пен жауын-шашынның аздығына байланысты масақты және майлы дақылдардың өнімділігі төмен болғанымен, жалпы ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. Мақта өнімі 1,4 есе, күріш өнімі 2,3 есе артқан.
Су үнемдеу технологиялары – стратегиялық басымдық. 2025 жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған, алайда нақты көрсеткіш 59 мың гектарға жетті. Оның ішінде 54,6 мың гектарға тамшылатып суару, 4,4 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары енгізілді. Жалпы облыстағы су үнемдеу жүйесі 114 мың гектар алқапты қамтиды.
Жаңа технологиялар суды екі есе үнемдеп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, мақта дақылының өнімділігі тамшылатып суару әдісімен екі есе артты, ал су тұтыну көлемі гектарына 5,2 мың м³-тен 2,6 мың м³-ке дейін азайды.
Биыл алғаш рет күріш дақылы да пилоттық түрде тамшылатып суару әдісімен егілді және гектарына 4–5 тонна өнім алынды (дәстүрлі әдісте – 3,4 т/га). Алдағы жылдары гектарына 6–7 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік бар.
Алдағы уақытта, облыста ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру бағытында жұмыстар тұрақты жалғасатын болады. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. Мемлекеттік қолдау шаралары, заманауи технологиялардың енгізілуі мен шаруалардың еңбекқорлығы өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқарып отыр.
                        
                        
                    
