Түркістан облысы денсаулық сақтау саласы бойынша көш бастады

0
2 756

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 20 көрсеткіштің 18-і бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізді.


Түркістан облысы денсаулық сақтау саласы бойынша көш бастады

Түркістан облысының денсаулық сақтау саласы еліміз бойынша көш басынан көрінді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Пандемия кезінде орын алған қиындықтарға қарамастан, мемлекеттік бағдарламалар көрсеткіші бойынша елімізде көш бастады. Бұл жөнінде Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен Денсаулық сақтау министрлігінің өткен жылғы қызметінің қорытындылары мен биылға арналған міндеттері бойынша кеңейтілген алқа отырысында мәлім болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 20 көрсеткіштің 18-і бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Өткен жылы өңірдің денсаулық сақтау саласына 13,7 млрд. теңге бағытталды. 2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламалар төрт нысаналы индикаторға, яғни міндеттерге бағытталған. Олар: азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 73,21 жасқа дейін арттыру, жүрек-қан тамыры, онкологиялық, созылмалы респираторлық аурулардан және қант диабетінен мезгілсіз қайтыс болғандар санын 18,86%-ға дейін төмендету, ана өлімін 17,1%-ға дейін азайту, 1 мың тірі туғанға шаққандағы нәресте өлімін 10,1%-ға дейін төмендету.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауымен өңірдегі медицина саласын дамытуға барынша күш салынған. Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, ең бірінші кезекте ана мен бала саулығы, жансақтау және ота жасау мен жедел жәрдем қызметін күшейтуге басымдық берілген. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жабдықтау мақсатында 2,5 млрд. теңгеге 205 дана медициналық техника сатып алынған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 9 фельдшерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп, оның 5-уі пайдалануға берілсе, биыл төртеуі ашылады.

Түркістан облысында 73% медициналық ұйымдар медициналық ақпараттық жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда облыс бойынша 2 медициналық ақпараттық жүйесі (ДАМУМЕД, КӨМЕК) жұмыс жасауда. Бүгінгі танда облыс бойынша дәрігер мен орта буынды медициналық қызметкерлердің жұмыс орындары компьютерлік техникамен жабдықтау 100% құрайды.

Облыс бойынша 100% электрондық денсаулық паспорттары жасақталды. 400 мыңға жуық адам мобильді қосымшасын пайдаланады. Жыл соңында 10,5 мыңнан астам түркістандық дәрігердің қабылдауына жазылған.