Жаңа жыл мерекесінде 115 сәби дүние есігін ашты.
2022 жылы Келес ауданында үш мыңнан астам сәби дүние есігін ашты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2022 жылы Түркістан облысы, Келес ауданында 3045 сәби дүние есігін ашса, оның ішінде бір отбасында үшем туылып, тағы 7 жанұяда егіздер өмірге келген. Бұл туралы Келес аудандық «Абай» ауруханасы бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Құралай Тұрсынова мәлімдеді.
«Жаңа жыл түнінде Келес ауданында 5 нәресте өмірге келді. Олардың екеуі – ұл, үшеуі – қыз балалар. Қазір сәбилердің де, аналарының да жағдайы жақсы. Айта кететіні, аналардың барлығы табиғи жолмен босанған. Аурухананың перзентхана бөлімі жаңа заманауи технологиялармен қамтылған. Сонымен қатар мамандарымыздың тәжірибесін арттыру мақсатында арнайы оқу курстарына жіберіп, елге сапалы қызмет көрсетудеміз», – дейді бас дәрігердің ана мен бала жөніндегі орынбасары.
Жаңа жыл қарсаңында босанған келіншектердің бірі 33 жастағы Базаркүл Темірханова дүниеге екінші перзентін алып келген. Қазіргі таңда ана мен баланың жағдайы қалыпты. Ұлын құшағына алып, бақытқа бөленіп отырған ана ерекше қамқорлық көрсеткені үшін перзентхана бөлімінің ұжымына алғысын білдірді.
Ал, жалпы Жаңа жыл мерекесінде Түркістан облысы бойынша желтоқсанның 31-нен қаңтардың 1-не қараған түні 115 сәби дүние есігін ашты. Жаңа жылмен тұспа-тұс дүниеге келгендердің 54-і – ұл, 61-і – қыз бала. Бүгінде аналар мен нәрестелердің жағдайы дәрігерлер бақылауында.
Түркістан облысы елімізде туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша көш бастап тұр.