71 білім беру ұйымының жылыту жүйесі газға ауыстырылады.
Түркістан облысы білім басқармасының алқа мәжілісінде өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бір бағыты – жас жеткіншектерді сапалы білім мекемелерімен қамту десек, қателеспейміз. Осы ретте былтыр Түркістан өңірінде 20 мектеп пайдалануға берілді. Ал, биыл облыста 43 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 29-ы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы болса, қор есебінен 14 білім ордасы бой көтереді.
Сондай-ақ, биыл 100-ден астам оқу орнының ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 71 білім беру ұйымының жылыту жүйесі газға ауыстырылады.
Түркістан облысында 45 мыңнан астам бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерлерінде тегін демалады. Ата-аналар есебінен ақылы негізде 20 мыңнан аса бала демалады. Мектеп жанында 5 күннен шатырлы және киіз үйлердің жұмысы Оқу-ағарту министрлігінің берген нұсқаулықтарының негізінде ұйымдастырлып, оған 10 000 оқушы қамтылады. Бұдан бөлек, «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен өңірдегі 2 лагерде 3421 бала демалады деп күтілуде.
Алқа мәжілісі соңында жазғы шомылу кезеңдерінде ауылдарда ата-аналарымен бірге балалар қауіпсіздігіне барынша мән беру тапсырылды. Салаға жауаптылар полиция, төтенше жағдай қызметкерлері, еріктілермен бірге оқыс оқиғалардың алдын-алу, суға жүзуді үйрету шараларымен айналысатын болады.