Түркістан облысында 44 мектеп пайдалануға беріледі

0
2 412

900 мемлекеттік мектеп бар.


Түркістан облысында 44 мектеп пайдалануға беріледі

Түркістан облысында үш ауысымға өту қаупі бар мектептерге талдау жүргізіліп, аудан, қалада орналасқан 52 мектеп анықталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы аумағында 900 мемлекеттік мектеп бар. Оның 727-сінің ғимараты типтік, 173-і ыңғайластырылған. Биыл облыста 51 мектептің құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін оның 44-і пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев брифингте мәлімдеді.

«Ағымдағы жылы басқарма тарапынан үш ауысымға өту қаупі бар мектептерге талдау жүргізіліп, аудан, қалада орналасқан 52 мектеп анықталып отыр. Сол себептен, 2025 жылға дейін трансферттер есебінен мемлекеттік - 107 мектептің, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында - 15 мектептің, жекеменшік - 27 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Қазіргі таңда ресми есеп бойынша облыста 6 апатты және 4 үш ауысымды мектеп жұмыс істейді. Биыл 2 апатты және 2 үш ауысымды мектептің құрылысы басталып, ағымдағы жылы пайдалануға берілмек. 2021-2023 жылдар аралығында қалған 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталатын болады», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, брифингте спикер Түркістан облысында ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасы жайлы баяндады.

«Олимпиадиаға оқушыларды тіркеу 24 ақпан-24 наурыз аралығында жалғасады. Жарыс жеңімпаздары еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде «Білім-Инновация» лицейлерінде, Республикалық физика-математика мектебiнде және «Дарын» мамандандырылған мектебінде оқуға мүмкіндік алады. Олимпиаданың 5 мың финалисі Елбасы Академиясының «Вirge oqý» онлайн-мектебінде тегін оқи алады. Олимпиадаға Қазақстанның ауылдық мектептерінде соңғы екі оқу жылында білім алып жатқан 5 және 6-сынып оқушылары қатысады», - деді Рақымбек Қуатбекұлы.

«Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалау. Тестілеу онлайн форматта өтеді. Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған 5 мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алады. Екінші кезеңде қатысушылар математикалық сауаттылық, академиялық білімді бағалау үшін компьютерлік тестілеуден өтеді. Екінші кезең өңірлік тестілеу орталықтары базасында ұйымдастырылады.

2020 жылы олимпиадаға Түркістан облысы бойынша 800 бала қатысса, биыл Түркістан облысынан 61 мың бала қатысады деп күтілуде.