Құтқарушылар суға кеткен жігіттің денесін жағадан 7 метр қашықтықтан тапқан.
иллюстрациялық фото
Түркістан облысында бір тәулікте екі бірдей бозбала суға батып кетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
4 маусым күні Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің "112" пультіне 15 сағат 35 минутта бірінші шақыру кеп түскен. 2002 жылы туған бозбала Түркістан облысындағы Ұзынбұлақ су қоймасында белгісіз себептермен суға батып кеткен.
"Түркістан облысы ТЖ департаментінің қызметкерлері Төлеби ауданы "Бірінші Май" елді мекеннің тұрғыны 2002 ж. т. жгітті іздестіруге көмек сұрады. Оқиға орнына іздестіру-сүңгуір жұмыстарын жүргізу үшін барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған 5 адамнан тұратын сүңгуірлердің жедел тобы шықты,"- деп мәлімдеді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар суға кеткен жігіттің денесін жағадан 7 метр қашықтықтан тауып судан шығарған. Жедел медициналық көмек келгенге дейін құтқарушылар алғашқы көмек көрсеткенімен нәтиже болмаған. Жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері 18 жастағы жігіттің өлімін растады.
Дәл сол күні кешке 19.45-те тағы да құтқарушыларға шақырту түскен.
Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Ақбиік ауылдық округінде орналасқан Құлан су қоймасында 17 жасар бозбала суға батып кеткен. Құтқарушылар қас қарайғанша суға кеткен баланы таппады. Тек келесі күні ғана, яғни 5 маусым күні таңғы 06.30 шамасында су түбінен бозбаланың денесі табылған.