Түркістан облысында «Көшпенділер ойыны» сайысы өтті

0
481

Төлеби бабаның 360 жылдығына орай ұйымдастырылған.


Түркістан облысында «Көшпенділер ойыны» сайысы өтті

Түркістан облысында Төлеби бабаның 360 жылдығына орай «Көшпенділер ойыны» өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан облысының таулы аймағы Төлеби ауданында «Көшпенділер ойыны» өтті. Дәстүрлі түрде үшінші рет ұйымдастырылған дода бұл жолы Төлеби бабаның 360 жылдығына арналды. Ленгір қаласындағы Төлеби баба саябағында өткен сайысқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысты. Барлық аудан, қаладан келген жас спортшыларға сәттілік тілеп, қолдау білдірді.


«Дүние жүзінде, оның ішінде түркі елдері бойынша көшпенділердің спорт түрлерін насихаттайтын деген жоба қалыптасып, тұрақты түрде жалғасып келеді. 2024 жылы Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жоспарланып отыр. Осындай өңірлік деңгейдегі сайыстар алдағы уақытта өтетін халықаралық сайыстарға үлкен дайындық алаңы ретінде қабылдануы керек. Бұл жарыс арқылы дала дәстүрін, ұрпақтар сабақтастығын негізге ала отырып, халқымыздың тарихын, болмысын, дәстүрін насихаттай аламыз. Аталған бастаманың өміршең болуы мен жыл сайын жетіле түсуін ұйымдастырамыз. Бүгін табиғат аясында, Төлебидің биік шығында нағыз көшпенділердің ойыны мен өнер үлгісі көрсетілуде. «Көшпенділер ойынын» атауына сай ауыспалы түрде жасасақ деген бастамалар болған. Дегенмен, Төлебидің жеке брендіне айналғаны жөн деп санаймыз. Ауданның тұлғалары мен ел ағалары облыстық іс-шаралардан республикалық деңгейдегі сайыстарға ұласуына атсалысарына сенім мол», – деген Бейсен Дәулетұлы ұлттық рухты көтеретін сайыстың маңыздылығына тоқталды.


«Көшпенділер ойынында» садақ ату, қошқар көтеру, қазақ күресі, көкпар жекпе-жегі, аударыспақ, ләңгі тебу және арқан тартыс секілді қазақтың ұлттық ойындарының 7 түріне басымдық берілді. 14-35 жас аралығындағы жастар қамтылған спорттық шараға жалпы 160 қатысушыдан құралған 16 команда бәсекеге түсті.


«Көшпенділер ойынының» қорытындысында командалық есеп бойынша 1-ші орынды Сарыағаш ауданының спортшылары қанжығаласа, 2-ші орын Бәйдібек ауданының жастарына бұйырды. Ал 3-ші орынды Төлеби ауданының қатысушылары місе тұтты. 1-орынға – 300 мың теңге, 2-ші орынға – 200 мың теңге, 3-ші орынға – 150 мың теңге қаржылай сыйақылар, кубоктар мен дипломдар табысталды. Сондай-ақ қатысқан әрбір командаға 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар үлестірілді.


Одан бөлек, «Көшпенділер ойынына» арнайы ерекше ұлттық киіммен келген Отырар, Сауран аудандары мен Арыс қаласының командалары номинацияға ие болып, 3 командаға 50 мың теңге сыйақы берілді. Осылайша, ұлттық киімнің озық үлгілерін ұсынған командаларға құрмет көрсетілді.


Марапаттау рәсіміне қатысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев және аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров сайыс аясында көшпенді халықтың құндылығы, мұрасы мен дәстүрін ұлттық ойындар арқылы көрініс табуына ықпал етіп, жастардың спортқа қызығушылығын арттыру көзделгенін атап өтті.


Айта кетейік, Төлеби ауданының әкімдігі мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і сайыстың өтуіне мұрындық болды.


Ұйымдастырушылар «Көшпенділер ойыны» жалғасын табатынын жеткізді. Сонымен қатар келесі жылы жүлде қорын арттыру жоспарлануда.