​Түркістан облысында Президент шыршасы өтті

0
855

Президент шыршасына жиналған балаларға концерттік бағдарлама дайындалды.


​Түркістан облысында Президент шыршасы өтті

Түркістан облысында өткен Президенттің жаңажылдық шыршасына облыстың әр түпкірінен 200-ден астам бала қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Олардың барлығы да – оқу озаттары, шығармашылық пен спорт саласында жетістікке жеткен дарынды бүлдіршіндер, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан үздік оқушылар. Президент шыршасына жиналған балаларға концерттік бағдарлама даярланып, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құттықтау тілегін жеткізді.

«Қымбатты балалар, бүгін өңіріміздегі өнегелі бүлдіршіндер Президент шыршасының айналасына жиналды. Жаңа жыл, ең алдымен, балаларға қуаныш сыйлайтын ғажайыпқа толы мереке. Сіздердің жан-жақты дамыған білімді, парасатты, тұлға ретінде қалыптасып, жетілулеріңіз үшін мемлекетіміз барлық мүмкіндіктер жасап келеді және жасай беретін болады. Сіздер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыздар. Баршаңызға мықты денсаулық тілеймін. Жаңа жыл тек жақсылық әкелсін!», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Президент шыршасына қатысқан әр бала облыс басшысының қолынан ноутбук, қыстық киімдер мен тәтті сыйлықтар алып, Аяз атаның қоржынынан дәм татып, мәре-сәре болды. Сондай-ақ, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлымен бірге облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев бастаған ел азаматтары шыршаны айнала ән айтып, көңіл көтерді. Жас өрендер өнерлерін ортаға салып, театрландырылған қойылымдар бүлдіршіндерге ертегі әлеміне енгендей әсер қалдырды. Жаңажылдық мейрамға келген балалар облыс әкімімен естелікке суретке түсті.