Түркістан облысында республикалық «Zhas Camp» лагері басталды

0
331

Еліміздің 20 облысынан келген 300-ге жуық жас қатысып жатыр.


Түркістан облысында республикалық «Zhas Camp» лагері басталды

Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен республикалық «Zhas Camp. Jastar Academy II» лагерінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Аталған шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов мен Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев қатысып, іс-шараны ашып берді.


Жастардың ынтымақтастығы мен бірлігін арттыру, танымдық қызығушылығын ояту арқылы білім деңгейін көтеру және интеллектуалды ортаны қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға еліміздің 20 облысынан келген 300-ге жуық жас қатысып жатыр.


Алдымен, барлық өңірдегі Жастар орталығының басшылары мен мамандары «TOP' 23-24» мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясындағы өңірлік үздік жобаларын таныстырды. Қатысушылар 6 топқа бөлініп, спорттық сайыстарда өзара мықтыны анықтауда. Осылайша, салауатты өмір салтын ұстанып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлес қосуда. Сонымен қатар белсенді жастары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қасқасу өзенінің бойында тазалық жұмыстарын жүргізді.


Күн соңында ҚР Мәжіліс депутаты Руслан Берденов кешкі алау басында жастармен кездесіп, «Лудомания: қоғамға төнген қатер» тақырыбында ой өрбітті. Лагерьге қатысушылар жастар саясатын жүзеге асыру және жастардың әлемді құру мен дамыту рөлін және олардың жолында тұрған күнделікті проблемалар туралы пікір алмасты. Әрі қарай концерттік бағдарламаға жалғасты.


Жалпы екі күнге жоспарланған шара барысында панельдік сессиялар мен топтық жұмыстар ұйымдастырылып, түрлі сала бойынша спикерлер жастармен кездеседі деп күтілуде.