Түркістан облысында жаңа бағдарлама жасақталуда

0
927

​Бұл туралы облыс әкімдігінде Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен аппарат жиналысында ортаға салынды.


Түркістан облысында жаңа бағдарлама жасақталуда

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жаңа бағдарлама пайда болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Қамқорлық» аймақтық бағдарламасы өңірде өмір сүріп жатқан көмекке аса мұқтаж жандарға демеу болмақ. Бұл шара мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асады. Тұрмыс тауқыметін тартқан мұндай отбасыларға жан- жақты қамқорлық көрсету арқылы, кедейліктің шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Олармен аудан, ауыл әкімдері тікелей жұмыс жүзгізетін болады.

Жоқшылықта өмір сүріп жатқан жандарға жергілікті қазынадан елімізде бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріндегі қаражат бөлініп, отбасының еңбекке қауқары бар мүшелері жұмысқа тартылады. Оларды анықтау үшін арнайы комиссия құрылмақ. Оның құрамына ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер де қосылады. Аталған шараға демеушілер де атсалысады. Жиында облыс басшысы көмекке аса зәру жандардың аяқтан тұруын бақылауда ұстап, ондай отбасыларды жеке аралайтынын қадап айтты.

Мәжіліс барысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы жайлы айтылып, облыстың білім саласындағы бірқатар мәселелер талқыланды. Өңірде дарынды балаларға арналған 8 ауданда мектеп ашу мәселесі шешілуде. Бес колледж «Жас маман» жобасына еніп, оларды негізгі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге республикалық бюджет есебінен 1,6 млрд. теңге қаржы бөлінген. 3 колледж сенімгерлік басқаруға берілуде. Мектеп оқушыларының саны жыл сайын 20 мыңға артады. Осыған орай бірқатар аудандарда жаңа білім ұясын салу мәселесі өзекті. Компьютермен қамтамасыз ету жағы да шешуді талап етеді. Сондай-ақ, мектептерде қосымша білім беру мақсатында спорт үйірмелері мен Оқушылар сарайлары ашылады. Аймақ басшысы барлық аудан әкімдеріне білім саласына көңіл бөліп, маңызды мәселелерді шешуді тапсырды.