Түркістан облысындағы ауруханалар жаңа құралдармен жабдықталып жатыр

0
724

Коронавирус инфекциясын анықтайтын жаңа зертхана іске қосылды.


Түркістан облысындағы ауруханалар жаңа құралдармен жабдықталып жатыр

Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың басқаруымен өңірде коронавирус инфекциясының ықтимал белең алу жағдайларына дайындық жұмыстары пысықталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысындағы бірнеше ауруханаға жасалған пресс-тур аясында анық болғандай, Арыс қалалық орталық ауруханасында да Covid-19 инфекциясымен күрес жұмыстары барынша қолға алынған. Медициналық ұйым жеке қорғаныс киімдері мен дәрі-дәрмектің екі айлық қорымен қамтамасыз етілген. Жансақтау бөлімінде 9 өкпені жасанды желдету аппараты, қосымша оттегі оксигенераторлары және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған 19 мобильді топ халыққа қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ, Ордабасы аудандық орталық ауруханасында коронавирус инфекциясын анықтайтын зертхана іске қосылды. ПТР сынамасы бойынша анықтайтын зертхана тәулігіне 500-ге жуық тест қабылдауға мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта Арыс қаласы мен Бәйдібек аудандарынан сынама қабылдау жоспарлануда. Түркістан облысы бойынша мұндай 12 зертхана жұмыс істеуде. Сонымен қатар ауданда ескі аурухана ғимараты толық күрделі жөндеуден өткізіліп, 100 төсек орындық провизорлық 10 орындық обсервациялық бөлім ашылды. Қазіргі таңда емдеу мекемесі жеке оттегі станциясы, 23 өкпені жасанды желдету аппаратымен жасақталған.

Айта кетейік, аймақта бүгінде жалпы 23429 медицина қызметкері бар. Оның 5000-нан астамы дәрігерлер, қалғандары орта буын мамандары. Ақ халатты жандардың ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 3331 науқас толық жазылып шыққан. Жалпы, пандемия белең алғалы облыста Covid-19 инфекциясы расталған 3395 жағдай тіркелді. Олардың 2355-інде ауру симптомсыз өткен. Жалпы, Түркістан облысындағы ауруханалар пандемияның болуы мүмкін екінші толқынына толықтай дайын.