Жеңімпаздар халықаралық байқауларға жолдама алды.
Түркістан облысының спортшылары қазақ күресінен республикада көш бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Орал қаласында өткен қазақ күресінен жастар арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыстың ашылу салтанатына Қазақстан қазақ күресі қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов, БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Айтулы додаға Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларынан 2005–2007 жылы туған 468 балуан қатысып, бақ сынасты. Қыздар арасында 60, 65, 70 және +70 келі, ал ұлдар арасында 90, 100 және +100 келі салмақ дәрежелері бойынша бақ сынасты.
Нәтижесінде командалық есепте 6 алтын, 1 күміс, 4 қола медальмен жүлделі 1-орынды Түркістан облысының құрамасы жеңіп алды. 2-орынды 4 алтын және 4 қоламен Абай облысы иеленсе, 3-орынға 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен Астана қаласының командасы жайғасты. Жеңімпаздар халықаралық байқауларға жолдама алды.