ТҮРКІСТАН: Оқушылар сарайында «Кітап сыйла» акциясы өтіп жатыр

0
657

Іс-шараға атсалысушылардың қатары қалың.


ТҮРКІСТАН: Оқушылар сарайында «Кітап сыйла» акциясы өтіп жатыр

Түркістандағы Оқушылар сарайында «Кітап сыйла» акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы «Оқушылар сарайы» - ЮНЕСКО клубында Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Кітап сыйла» акциясы өтіп жатыр. Мерекелік акцияның бір ғана шарты – «Оқушылар сарайына» қадам басқан әрбір адам өзімен бірге кемінде бір кітап алып баруы тиіс.


«Жас жеткіншектермен тығыз жұмыс істейтін біздің мекеме үшін бұл мерекенің де, мерекелік акцияның да маңызы зор. Себебі, барша адамзатты білім нәрімен сусындатып, әлемді танытатын дәл осы кітап екені даусыз. Жұмыс күні басталғаннан бір-бір кітап құшақтап, іс-шараға атсалысушылардың қатары қалың болуда. Ересектердің ғана емес, бүлдіршіндердің де кітапқұмарлығын көріп, көңіл күйіміз көтеріліп жатыр. Қазақ жастарының білімге деген құштарлығын арттыруға осындай іс-шаралардың септігі тиеді деп ойлаймын», - деді акцияға қатысты пікірін білдірген мекеме директоры Индира Икапова.


Таңғы сағат 9:30-дан кешкі сағат 18:30-ға дейін жалғасатын науқанға үйірме оқушылары, мекеме қызметкерлері, ата-аналар мен қаладағы кітапхана қызметкерлері қатысып, бір-біріне әдеби, танымдық бағыттағы кітаптарды тарту етіп жатыр. Сонымен қатар, «Оқушылар сарайындағы» арнайы сөрелердің қоры да біршама кітаппен толықты.