20 мыңға жуық оқушы ата-аналар есебінен ақылы демалады.
Түркістан облысында оқушыларға 22 жазғы демалыс лагері қызмет көрсетеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында 22 жазғы сауықтыру лагері ( 7 мемлекеттік, 15 жекеменшік) қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35482 оқушы бюджет есебінен тегін демалса, 20 мыңға жуық оқушы ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады.
Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды лагерлердің жұмысын қатаң қадағалауды және балаларға жақсы жағдай жасауды тапсырды.
«Лагерлердің инфрақұрылымы, тамағы, жатын орны бәрі талапқа сай болуы тиіс. Суы, қоршаған ортасы, ауасы таза әрі денсаулықты нығайтуға қолайлы болғаны жөн. Тағы да тексеріп, пысықтап шығыңыздар. Екіншіден, лагерлердің күзет қызметін, жалпы қызметкерлерін тәжірибелі мамандармен қамтыңыздар. Балалардың қауіпсіздігі бірінші орындағы мәселе. Осы салаға жауапты басшыларға биылғы демалыс маусымын мазмұнды әрі сапалы өткізуге, балалардың алаңсыз тынығуына жағдай жасауды тапсырамын», – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, қала сыртындағы лагерлер маусым айынының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ Түлкібас пен Төлебидегі «Самал» және отбасылық үлгісіндегі балалар ауылы лагерінде облыстағы 2 отбасылық үлгісіндегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады.
Тәртібі бойынша мектепішілік және полиция есебінде тұратын 1100 оқушы Төлеби ауданында орналасқан «Тау барысы» лагерінде шатырлы лагермен қамтылады. Ал жаз айларында 266 оқушы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерлерінде тынығады.