ТҮРКІСТАН: «Өнерлі өлке» фестивалін Отырар ауданының өнерпаздары қорытындылады

0
83

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұлттық тағам түрлерінің дайындалу жолы көрсетілді.


ТҮРКІСТАН: «Өнерлі өлке» фестивалін Отырар ауданының өнерпаздары қорытындылады

Биылғы «Өнерлі өлке» облыстық фестивалін отырар ауданының өнерпаздары қорытындылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда биылғы «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі Отырар ауданының мәдениет күндерімен қорытындыланды. Көше театры үлгісінде Этноауылда «Ми палау» сахналық қойылымын көпшілік назарына ұсынды. Мәдениет күндері аясында ұлттық ойындар да насихатталды. «Ұлттық ойын –ұлттың игілігі» атауымен арқан тарту, асық ату, қошқар көтеру, садақ ату және қазақша күрес, тағы басқа түрлерінен сайыс ұйымдастырылды.


Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылып, арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар халық фольклорынан Таусоғар, Алдар көсе, Қожанасыр және Желаяқ пен Мешкейлер де қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұлттық тағам түрлерінің дайындалу жолы көрсетілді.


Алғашқы күні «Киелі Отырардан – қасиетті Түркістанға» атты рухани керуен көші келіп, ауданның тумасы, әлем ақыны, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов арнайы қонақ болды. Суретші Әділхан Мәліктің туындыларынан көркемсурет көрмесі және ауданның жетістіктері мен кітап көрмесі жасақталды. Отырарлық қолөнер шеберлерінің, ағаш ұсталарының және құмыра жасаушылардың көрмесі аясында шеберлік сағаттары өткізілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі жәрмеңкеге ұласып, «Ұлы дала дәстүрі» айдарымен киіз үйлерде халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетілді. Көпшілікке бие, түйе сауып көрсетілді. «Ботаны қырқынан шығару», киіз басу, құрт жаю мен май пісу, тағы басқа ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтар ұлықталды. «Алтыбақан» жастар ойын-сауығы өтті.


Ал кешкісін «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен гала-концертте ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен күмбірлеген күй, мың бұралған би де көрініс тапты. Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов сөз алып, қасиетті қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтады. Кеш барысында сатира сардарлары Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшора, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков пен айтыс ақтаңгері Анар Жаппарқұлова және ән өнерінің жұлдыздары Хадиша Шалабаева, Берік Сексенбек, Ермахан Әшіров арнайы қонақ болып, «Бақыт айдынында» бишілері, «Бастау» тобы мен «Қыздар» триосы және тағы басқа аудан өнерпаздарымен бірге өнер көрсетті. Кешті белгілі журналист Қайырхан Мәулен мен Гүлімқұлжа Сейтқазы жүргізді.


Айта кетейік, Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атануына орай өткізілген өнер фестивалі маусым айында басталған болатын. Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастырған фестивалдің басты мақсаты – мәдениет пен өнерімізді дамыту және жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеп, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Алғаш болып фестиваль шымылдығын күндері Сайрам ауданының көркемөнерпаздары ашып, 17 аудан, қала өнерпаздары бекітілген кестеге сәйкес екі күн бойы өнер көрсетті. Жеңімпаздар алдағы уақытта марапатталатын болады.

Бөлісу