ТҮРКІСТАН: Онлайн қабылдаудағы тұрғындар мәселесі шешімін тауып жатыр

0
743

Қазір 206 тұрғын қабылдау кезегінде тіркеліп тұр.


ТҮРКІСТАН: Онлайн қабылдаудағы тұрғындар мәселесі шешімін тауып жатыр

Түркістанның әкімі тұрғындарды онлайн режимде қабылдап жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2020 жылдың басынан бері Түркістан қаласы әкімінің қабылдауында 439 азамат болып, жеке мәселелері бойынша жауабын алған. Ал, әкім орынбасарлары 94 азаматты түрлі мәселелерімен қабылдаған. Жалпы, қазір 206 тұрғын қабылдау кезегінде тіркеліп тұр. Бұл жөнінде бүгін Рашид Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте мәлім болды.

Сондай-ақ, карантин режиміне байланысты апта сайынғы онлайн-қабылдау барысында тамыз айы ішінде қала әкімі 21 азаматты қабылдап, сауалдарын тыңдаған. Тұрғындар тарапынан жерге қатысты құжаттар заңдылығы, баспана мәселесі, қаржылай көмек, ауыз-су жүйесінің жүргізілмеуі, жұмыссыздық, әлеуметтік көмек мәселелері бойынша сұрақтар түскен екен. Нәтижесінде мәселелер айтылған күннен бастап-ақ жауапты мамандарға жолданып, қазірде шешімі табылған.

Мәселен, ауыз су жүйесі жүргізілмеген Шипа су аумағындағы тұрғындар үшін «Түркістан-су» мекемесі тарапынан аптасына екі рет арнайы су таситын көліктер арқылы ауыз су жеткізілуде. Тағы бір азамат жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында «Қайтарымсыз грант» арқылы 555 600 теңге қаржылай грантқа қол жеткізген. Сондай-ақ, кей азаматтарға Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылуының себептерін мамандар түсіндірген.

Естеріңізде болса, 22 тамыз күні 213 азамат жеке мәселелері бойынша «Ақжайық» музыкалық мектебінде әкім қабылдауында болған еді. Олардың өтініштері бойынша карталар толтырылып, қазірде жауапты бөлімдерге жіберілген. Мұндағы түскен сауалдар бойынша Түркістан қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі», «Адами капиталды дамыту бөлімі», «Бизнесті қолдау және туризм бөлімі», «Жер қатынастары» және басқа бөлімдер жұмыс жасауда.