57 елді мекендегі байланыс қызметі мен интернет сапасы талқыланды.
Ордабасы ауданындағы елдімекендер сапалы байланыс қызметіне қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін аудан әкімдігінде ауылдар мен шалғай елді мекендердегі ұялы байланыс қызметінің сапасын жақсартуға арналған жиын өтті. Кеңеске аудан әкімі Бағлан Батыршаев, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев, салалық министрліктің Телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы РММ басшысы Ержан Тоқтағұлов, отандық байланыс операторларының жауаптылары, ауыл әкімдері мен тұрғындар қатысты. Күн тәртібінде ауданға қарасты 57 елді мекендегі байланыс қызметі мен интернет сапасы сөз болып, ауыл тұрғындары салалық мекеме басшыларына өз мекен-жайларындағы қызметтің жай-күйін айтып өтті.
«Балаларды қорғау бағыты бойынша халықаралық ұйымдар арқылы алған грант негізінде алдағы уақытта аудандағы 8 мектепке жоғары жылдамдықты интернет желісін тартатын боламыз», - деді Елнұр Рахымбердіұлы.
Бүгінгі таңда аудан көлемінде 19 ауылға жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылған. Арнайы желі қазірге ауылдардағы әлеуметтік нысандарға (мектеп, әкімдік, құқық қорғау, денсаулық сақтау мекемелері, балабақша, т,б) жеткізілген. Алдағы уақытта Қазақтелеком АҚ арқылы инвесторлар есебінен тұрғын үйлерге жоғары жылдамдықты интернет желілері тартылмақ. Қазіргі таңда Қызылсеңір, Аққойлы, Жусансай, Жайылма ауылдарында интернеттің сапасын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік сатып алулар арқылы жүргізілетін жұмыстың сапасы төмен болған жағдайда тиісті мердігер мекемелерге айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылмақ.
Бұл туралы Телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы РММ басшысы Ержан Тоқтағұлов айтып өтті. Ал, аудан әкімі Бағлан Дәнебекұлы Шұбарсу, Бадам ауылдық округіндегі халық санының өсуіне байланысты байланыс қызметінің сапасын арттыру керектігін тілге тиек етті.
«Заман талабына сай интернет пен байланыс қызметі адамдар өмірінің ең маңызды бөлшегіне айналды. Өскелең ұрпақтың білім алуы да осы қызмет түріне мұқтаж. Өкінішке орай ауданымыздағы кейбір шалғай ауылдар мен елді мекендерде байланыс қызметінің сапасы нашар. Интернет жылдамдығы төмен. Біз бұл олқылықтарды цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасымен, түрлі байланыс қызметінің басшыларымен бірлесе отырып, оңды шешілу жолдарын қарастырамыз», - деді аудан әкімі өз сөзінде.
Өз кезегінде салалық басқарма басшысы мәселені назарға алып, арнайы комиссия арқылы мәселенің шешу жолдарын қарастыратындығын жеткізді.