ТҮРКІСТАН: Ө.Шөкеев жұмыс сапарымен Арысқа барды

0
1 729

Ө. Шөкеев Арысқа жұмыс сапарымен барып, ондағы өндіріс орындарының жұмысымен танысып, шаруашылықтардың жұмысын көріп қайтты.


ТҮРКІСТАН: Ө.Шөкеев жұмыс сапарымен Арысқа барды

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласына арнайы жұмыс сапарымен барды- деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Алдымен аймақ басшысы Ақдала ауылдық округіндегі «Қазына жер LTD» ЖШС-не аялдады. Сүт өндірумен айналысатын серіктестік 2012 жылы құрылған. Мекеменің иелігінде 2858 гектар жері бар. Фермада голштин-фриз тұқымды 1200 бас ірі қара бағылуда. Әр сиыр тәулігіне26 литрге дейін сүт береді. Мұнда 52 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ, облыс әкімі Арыс қаласында орналасқан «Арыс минералды су» ЖШС-не барды. Алкогольсіз сусындар шығаратын серіктестік 2018 жылы құрылған. 1 гектар аумақта орналасқан жобаның инвестициялық құны 250 млн. теңге. Цех жылына 18 млн. литр су шығаруға қауқарлы. Мекеме басшысы алдағы уақытта тәтті сусын түрлерін шығаруды жоспарлап отыр.

Сапар барысында Өмірзақ Естайұлы «Ауылым – алтын бесігім» жобасы аясында атқарылатын жұмыс жоспарымен танысты. Бағдарламада Арыс қаласын көгалдандыру, саябақтарды қайта жаңғырту жұмыстары қаралған. Сонымен қатар, салынғалы жатқан оқушылар сарайы, жазғы сауықтыру лагері және спорт кешенінің жобасын көрді. Қазіргі таңда Арыс қаласында дене шынықтыру - сауықтыру кешені жұмыс істеп келеді. 2015 жылы пайдалануға берілген кешенде спорттың бірнеше түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді.

Атқарылып жатқан жұмыстармен танысып шыққан аймақ басшысы «Ауылым – алтын бесігім» жобасын жүйелі түрде іске асыра отырып, қала және елдімекендерде абаттандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әлеуметтік нысандар саларда халыққа бірінші кезекте қажеттілік тудырып тұрған жобаларды қолға алу керектігін айтты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының дамуын қарқындатуға күш салу керектігін жеткізді. Мұндай жұмыстар үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар мен жеңілдіктердің қаралып жатқанын тағы да еске салды.