ТҮРКІСТАН: Отырарда «Ән падишасының» туған күні аталып өтті

0
712

Қонақтар тартымды іс-шараларға куә болды.


ТҮРКІСТАН: Отырарда «Ән падишасының» туған күні аталып өтті

Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай кеш өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


15 тамыз – ән әлемінің падишасы, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Осы орайда жылдағы берік қалыптасқан ізгі дәстүр бойынша Шәмші Қалдаяқовқа биыл да айрықша құрмет көрсетілді. Ұлы сазгердің қастерлі есімін иеленген Отырар ауданы Шәмші ауылындағы «Шәмші музейі» үйінде тамыздың жанға жайлы мамыражай кешінде «Өмір-өзен» атты мазмұнды іс-шара өтті. Кешке келген қонақтар бұл күні Шәмші ескерткішіне гүл шоқтарын қою, кітап және сурет көрмелерімен танысу, театрландырылған көріністі тамашалау секілді зор мән беріле рет-ретімен тақырыпқа сай тартымды өткен іс-шараларға куә болды.


Музей үйіндегі әрбір құнды жәдігермен қызыға, құмарта танысқан жұртшылыққа осы жерде одан әрі сәтті ұйымдастырылған ашық сырласу да ерекше тебірентіп, айрықша әсер сыйлады. Жанға жайлы кешкі тынық ауаны рахаттана жұтып, әсерлі кештен мол рухани нәр алған көпшілікке Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен өнеріне, жалпы азаматтық бітім-болмысына қатысты өздеріне қойылған сауалдарға еш бүкпесіз ашық сыр тетігін ақтарыла ағытқан аудан әкімі Әбдіғали Жүнісовтің, «Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағындық Қыдырдың тұщымды ойлары тебірентті десек қателеспейміз.


Сондай-ақ, Шәмші рөлін сомдаған өрелі өнер иесі Мейірбек Тұрарбекұлы мен сазгердің баға жеткізгісіз тамаша әндерін әуелете шырқап, насихатшысы болып жүрген Геннадий Стоматовтың сөз саптаулары да көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.