Ауыл тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетеді.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Отырар ауданына тоқтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Отырар ауданындағы «Темір» станциясына келіп тоқтады. Ауданда 24 сағат тұрақтайтын медициналық пойыз ауыл тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетеді. Еліміздің барлық облыстарын аралап келе жатқан жылжымалы медициналық қызмет көрсету үйі білікті мамандармен қамтылған.
Мамандарды станция алдынан күтіп алған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов медициналық пойыздың қызмет көрсету барысымен танысты. Биыл ауданға екінші рет келген пойыздың тұрғындар үшін тиімділігін айтып, халықтың денсаулығы мен құқықтық көмек алуына арналған жобаның маңыздылығын атап өтті. Отырарлықтар білікті медициналық мамандардан (терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог) тегін кеңес пен ем ала алады.