Өнім көлемі де еселене түскен.
Сауран ауданының басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы болып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы,Сауран ауданының басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға басымдылық берілуде. 2021 жылдың қараша айының қорытындысы бойынша ауданда мал басы саны артып, тиісінше, өнім көлемі де еселене түсті. Атап айтатын болсақ,2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Сауран ауданында ірі қара мал басы 12,6 %-ға артып, 87794 басқа жетті.Аудан бойынша ірі қара малдан бөлек 467996 бас уақ мал, 15667 бас жылқы, 3313 бас түйе, 139548 бас құс бар. 2021 жылы мал мен құстың барлық түрлерінің тірідей салмақта союға өткізілгені 12148,8 тоннаны құрайды. Сондай-ақ 829,2 тонна қой жүні қырқылып, өсім көрсеткіші 8%-ды құрады.
Сонымен қатар, үш жақты келісімге сай 653 бас аналық түйе сатып алынып, 23011 бас аналық ІҚМ тұқымдық түрленіп, 8858 бас бұқашық мал өнеркәсіптік бордақылау алаңына өткізілді. Ал балық шаруашылығына келетін болсақ, жыл қорытындысы бойынша балық өнімі 745 тоннаны құрады. Осылайша, аудандағы мал шаруашылығын дамыту бойынша берілген тапсырмалар артығымен орындалып отыр.
Айта кетейік, аудан бойынша 2021-2022 жылғы мал қыстату науқанына қажетті 308,2 тонна мал азығы дайындалу керек болса, ол 330,2 тонна болып, 107%-ға орындалып отыр. Оның ішінде, жоңышқа — 96,7 мың тонна, пішен — 7,9 мың тонна, сабан — 5,0 мың тонна, табиғи шөп — 220,6 мың тонна. Қазіргі уақытта қажетті мал азығын үнемдеу мақсатында шаруашылықтардағы барлық мал түрлері ауыл шаруашылығы дақылдары жиналған алқаптарда бағылып жатыр.