ТҮРКІСТАН: Сауранда тұңғыш рет газ жүйесі жүргізілді

0
613

36 шақырымды құрайтын автожолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.


ТҮРКІСТАН: Сауранда тұңғыш рет газ жүйесі жүргізілді

Сауран ауданының тұрғындары көгілдір отын тұтынуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Түркістан облысы Сауран ауданына тұңғыш рет газ жүйесі жүргізілді. Қазіргі таңда Үшқайық ауылдық округі Теке елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынның шарапатын көруде. Жуық арада аталмыш ауылдық округтегі қалған 3 елді мекенге газ қосылатын болады. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Ғани Рысбеков мәлімдеді.


Сондай-ақ, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтерін және Ораңғай елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленген.


«Үлкен құрылыс алаңына айналған ауданда бой көтеретін әлеуметтік маңыздағы нысандар жетерлік. Аудан орталығында әкімшілік-іскерлік орталығының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимарат биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, ҰҚК, прокуратура, полиция және аумақтық органдарының ғимараты және инженерлік инфрақұрылым құрылысының жобалары мемлекеттік сараптамадан өткізілуде», - деді Ғани Құрмашұлы.


Бұдан бөлек, Сауран ауданы бойынша аудандық маңызы бар 119,3 шақырым автомобиль жолы бар. Оның 68 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал, ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы 625 шақырымды құрайды. Жақсы және қанағаттанарлығы 403 шақырым. Биылғы жоспарға сәйкес, аудан аумағындағы 36 шақырымды құрайтын автожолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.