Биыл жеке 5 жобаны іске асыру жоспарланған.
Шардара ауданына өткен жылы 60 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шардара ауданына өткен жылы негізгі капиталға 56,6 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жеке кәсіпкерлер есебінен былтыр жалпы құны 14,9 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асып, 145 тұрғын жұмыспен қамтылған. Биыл жеке кәсіпкерлер есебінен 3,4 миллиард теңгеге 5 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында «SER-KUN» балық кептіру цехы, «Медина» ЖК ет өнімдерін терең өңдеу және мал бордақылау сынды кәсіпорындар бар. Сондай-ақ, былтыр ауданда 26,2 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл негізінен балық өңдеу, мақта және күріш өңдеу, электр энергиясын өндіру саласында.
Сонымен қатар, аудан аумағында өткен жылы 58 000 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 73,4 миллиард теңге көлемінде өнім алынған. Шаруалар 6 070,1 гектарға су үнемдеу технологиясын орнатқан. Оның ішінде, 5 990,1 гектар жерге - тамшылатып суғару, 80 гектар жерге - жаңбырлатып суғару жүйесі енгізілген.
Бұдан бөлек, былтыр ауданда 55,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ, өткен жылы көпқабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Бүгінде оның ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында есепті кезеңде 5 411 азамат жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасы аясында 1 161 жаңа жұмыс орны ашылған.
Инфрақұрылыммен қамту бойынша Шардара ауданындағы 22 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Екі елді мекеннің (Бозай, Бимырза) халық санының аздығына және ауыл округтерінен шалғай орналасуына байланысты тұрғындармен келісім хаттамасы түзілген. Ал, табиғи газбен аудан тұрғындарының 98 пайызы қамтылған. Былтыр «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен аудандағы 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көшелердің үлесі 91,6 пайызды құрап отыр.


