ТҮРКІСТАН: Шардара ұстаздарының дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

0
2 209

Тамыз кеңесі «Адами капиталды дамытудың көзі ретінде қазақстандық білім беру мазмұнын жаңарту» тақырыбында ұйымдастырылды.


ТҮРКІСТАН: Шардара ұстаздарының дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

Ұстаздардың дәстүрлі тамыз кеңесінде жаңа оқу жылының жоспарлары талқыланып, үздіктер марапатталды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

«Адами капиталды дамытудың көзі ретінде қазақстандық білім беру мазмұнын жаңарту» айдарымен өткен аудандық білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесіне аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Ғалия Жанаева, аудандық мәслихат хатшысы Бұлтбай Мүталиев пен білім саласының майталмандары, ардагерлері қатысты.

Кеңеске қатысушылар алдымен мектеп оқушылары мен ұстаздарының қолөнер көрмелерін аралап, «М.Горький», «А.Әлімбетов», «Шардара» мектептерінде іске қосылған IT сыныптары оқушыларының құрастырған робототехникаларымен танысты. Аталмыш салада оқушылардың жеткен жетістіктері жоғары бағаланды. Конференцияға қатысушы қонақтар алдында өткен жылдың қорытындысымен бөліскен Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиева жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын істердің жоспарымен бөлісті.

«Мұғалім мәртебесін көтеру, жұмыс істеуіне, шығармашылығына, үздік мұғалімдердің тәжірибелерін жинақтап, таратуға, оларды ынталандыруға қолдау көрсету – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұстаздардың биылғы тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы қызметкерлерімен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы тұрған міндеттерді нақтылап берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде қазақстандықтар балаларына экологиялық сана-сезімді, тұрмыстық тазалықты, гигиенаны сақтауды сіңіруді, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын ұқтыру керектігін жеткізді. Білім беру – қоғамның алға жылжуын қамтамасыз етеді. Сондықтан, бүгін біз өткен оқу жылында жіберген кемшіліктерімізді талдап, жаңа оқу жылындағы міндеттерімізді айқындап, нақты пікір, ұсыныстарыңызды ортаға саламыз» деген Қайрат Жолдыбайұлы ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жауапкершілігі мол жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жиын барысында білім беру саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздар Білім және ғылым министрінің, облыс әкімі мен аудан басшысының, аудандық мәслихат хатшысының алғыс хаттарымен марапатталып, «Ы.Алтынсарин» медалімен наградталды.

Конференция соңы аудан мектептерінің оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласып, мерекелік ән-шашулар орындалды.