ТҮРКІСТАН: Шардарада жүгері өңдеу зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр

0
447

2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.


ТҮРКІСТАН: Шардарада жүгері өңдеу зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр

«Шардара» индустриалды аймағында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Шардара ауданындағы «Шардара» индустриалды аймағында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.


Шардара ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Шардара» индустриалды аймағында болып, жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты. 35 гектарға орналасатын өндірістің І кезеңінде «Казкрахмал» ЖШС дәнді кептіру және сақтау кешенінің қабырғасын қалап, іске қосқан. Қазіргі таңда ІІ кезеңнің жоспарына сәйкес, зауыт ғимаратының құрылысы жүргізілуде. 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын өндіріс кешені 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.


Облыс әкімінің орынбасарының іссапары балық өсірумен айналысатын «Хамит» шаруашылығының тоғанында жалғасты. Нұрбол Тұрашбеков шаруалармен кездесіп, өзекті мәселелерді саралады. Шаруалардың су тұтынуына қатысты туындаған сұрақтарына жауап беріп, мәселені шешу үшін заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.


Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды мақта шаруашылығын дамыту, мақта талшығының сапасын арттыру, жаңа инновациялық әдістерді пайдалануды тапсырған болатын. Тапсырмалардың орындалу барысын бақылау мақсатында облыс әкімінің орынбасары «Шардара мақта» ЖШС-ның мақта қабылдау бекетінде болып, диқандармен кездесті. Кәсіп иелеріне мақтаны қабылдау кезінде сапасына аса мән беруді, сұрыптаудан өткізуді тапсырып, мақта бағасы оның сапасына да қатысты екенін айтып өтті. Мұнда 10 адам жұмыс істейді. Мақта қабылдау пункті өткен жылы мақтаның жиын-терім науқанында 3 мың тонна көлемінде мақта қабылдаған. Биыл 2 мың тонна мақта қабылдау жоспарланып отыр. Мақта өлшеу таразысы арнайы мекемемен аккредиттеліп, тексеруден өткен.

Бөлісу