ТҮРКІСТАН: Шегірткеге қарсы күресте техника мен жұмыс күшін түгендеу күнделікті жүргізіледі

0
69

Химиялық препараттардың қолдану мөлшерлемесі де тұрақты бақылануға тиіс.


ТҮРКІСТАН: Шегірткеге қарсы күресте техника мен жұмыс күшін түгендеу күнделікті жүргізіледі

Түркістан облысында шегірткеге қарсы күресте техника мен жұмыс күшін түгендеу күнделікті жүргізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу бойынша жұмысты үйлестіру мен ұйымдастыру шараларын тексеру үшін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Арыс ауданындағы штабта болып, жауаптылардың есебін тыңдады.


Арыс қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Қуандықтың мәлімдеуінше 2026 жылы зиянкеске қарсы 91 100 гектарды өңдеу жоспарланған. Дәріленетін аймақтар 17 секторға бөлініп, анықтаушыларға жатын орындары ұйымдастырылған. Қазіргі таңда әр секторды сумен қамтамасыз ету үшін 52 су көзі белгіленіп, су таситын 17 көлік (водовоз) қарастырылды. Жалпы, химиялық өңдеуге 112 бүріккіш техника жұмылдырылмақ.


"Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының" Түркістан облыстық филиалының басшысы Нұрлыбек Біләлбеков өз кезегінде соңғы көрсеткіштерді ұсынды. Арыс қаласы бойынша қазіргі таңда 8 сектордан 19 ошақ анықталып отыр. Сарыағаш ауданында 12 секторда дернәсілдер жер бетіне шыққан. Келес ауданында барлық секторда дернәсіл белсенділігі анықталып отыр.


Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Акмуратов шегіртке зиянкестерін анықтау барысында 47 мың гектар зерттелгенін, нақты 26,3 мың га жерді өңдеу жоспарланғанын жеткізді. 3 сектор аймағы бөлініп, жауапты мамандар бекітілген. Жер иелеріне хабарламалар таратылып, анықтаушылардың тізімі бекітілгені де айтылды. Ошақты аймақтар тұрақты бақылауға алынған.


Нұрбол Тұрашбеков ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, жайылым жер мен мал иелеріне химиялық препараттармен шегірткеге қарсы өңдеу жүргізілетінін хабарлауды, техникалық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау бойынша ескертпелер таратуды тапсырды. Сонымен қатар, анықтаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Химиялық препараттардың қолдану мөлшерлемесі де тұрақты бақылануға тиіс.


Мобильді топ жетекшілеріне әр секторға күнделікті мониторинг жүргізіп, техника мен жұмыс күшін түгендеу, нәтижесін штабқа мерзімінде баяндау жүктелді.

Бөлісу