Биыл бұл шаралар наурыз айынан басталып, жоспарға сәйкес жалғасатын болады.
Түркістан облысында шіркейге қарсы дезинсекция шаралары күшейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сырдария өзені және Көксарай су реттегіш бойында орналасқан елді мекен аумақтарында шіркейге қарсы дезинсекция шаралары күшейтілді. Бұл жұмыстарды «Satti Tulik» ЖШС жүргізуде. Ғылыми сүйемелдеу жұмыстарына «Защита-растений» ЖШС жауапты.
Мердігер мекеме ғылыми негізде нақтыланған тұжырымдама аясында күрес шараларын биологиялық препараттарды суға жіберу әдісі, ал су қорғау аймақтарындағы ағаштардың бұталары мен елді мекен, демалыс аумақтарында химиялық өңдеу әдісі қолданылады.
Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауаптыларға жұмыс қарқынын күшейтуді, жұмысты сапалы атқаруды тапсырды. Облыс әкіміне шіркейге қарсы дәрілеу жұмыстарының барысын Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Тоқтар Усубалиев баяндады.
Өңірдегі 12 елдімекеннің әрқайсысында нақты жоспар негізінде жұмыстар ұйымдастырылған. Биыл бұл шаралар наурыз айынан басталып, жоспарға сәйкес жалғасатын болады.
Түзілген келісім шартқа сәйкес, Сырдария өзеніне, сондай-ақ Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және Отырар, Шардара, Келес, Ордабасы, Сауран аудандарында дезинсекция жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Биологиялық залалсыздандыру аясында 127 008 кг биологиялық препараттарды су айдындарына жіберу көзделген. Наурыз айында басталған биологиялық залалсыздандыру жұмыстары 5 рет жүргізілді. Нәтижесінде, Сырдария өзенінде белгіленген 10-нан астам нүктеден «Бактицид» препараты өзенге құйылды. Өткен жылмен салыстырғанда құйылатын нүктелер саны екі есе көп. Бұл жұмыстарға 40 адам, 12 техника, 4 қайық жұмылдырылған.
Биологиялық өңдеуден кейін де, шіркейлердің үлкен бөлігі сақталатын болса, олардың қоныстанған аймақтарында қосымша химиялық препараттармен залалсыздандыру көзделген. Түзілген келісім шартқа сәйкес, 5408,4 га жер аумақты химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстар да қатар жүргізілуде. Жалпы заласыздандыру алаңы 12 секторға бөлінген.