ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша іс қозғалды.
Түркістан қаласында жекенің көлігін айдап, жанар жағармай бекетінде майды құйып алып, ақшасын төлемей қашып кеткен, деп хабарлайсың ERNUR.KZ.
Түркістан қалалық полиция басқармасының кезекшілік бөліміне жергілікті тұрғынның бірі хабарласып, белгісіз біреулердің «Опель Вектра» маркалы жеңіл көлігін жымқырып кеткендігін айтып, арызданады. Аталған арыз бірден тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша іс қозғалды. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 1,500 000 теңгені құрайды. Аталмыш іске байланысты қалалық полиция басқармасының жедел уәкілдері кешенді іс-шараларын атқарады. Көлік ұрлығы орын алған аймақты жіті қарап, бейнекамераларды тексереді.
Осылайша 4 сағаттың ішінде полицейлер күдіктінің ізіне түседі. Нәтижесінде Түркістан қаласының екі азаматы анықталып, тұрғылықты мекен-жайынан құрықталады. Тергеу барысында белгілі болғандай, екі күдікті автокөлікті түнгі уақытта ұрлап, Шымкент қаласына қарай бағыт алған. Олар жолдың бойындағы жанар жағармай бекетіне аялдап, көліктеріне толтыра майды құйып алып, ақшасын төлеместен қашып кетеді. Автокөлікті қатты жылдамдықпен басқаруының салдарынан жолда апатқа ұшырайды. Екі күдікті де жеңіл жарақат алып, көлікті сол жерде қалдырып, жасырынып қалады.
Бүгінгі таңда ұсталған азаматтарға байланысты Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Содай-ақ күдіктінің бірінің бұрын ҚР ҚК-нің 188, 200-баптарымен сотты болғандығы анықталды. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауда.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне көліктерін қараусыз қалдырмауды, есігін ашық немесе көлік кілтін қалдырып кетпеуді ескертеді. Автокөліктің барлық есігін құлттап, ішінде құжаттар мен бағалы заттарды тастап кетпеуге, сондай-ақ қарауылды автотұраққа қоюларына кеңес береді.