ТҮРКІСТАН: Созақта екі жанұяға жаңа баспананың кілті табысталды

0
1 075

30 сотықтан астам жер учаскелері арнайы шарбақпен қоршалған.


ТҮРКІСТАН: Созақта екі жанұяға жаңа баспананың кілті табысталды

Созақта қос бірдей отбасына жаңа баспананың кілті табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жұмыстар жалғасуда. Осындай игі іс Созақ ауданында жүзеге асты. Құмкент ауылында аз қамтылған қос отбасына «Қазфосфат» ЖШС-нің демеушілігімен салынған үйлер берілді. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарға жаңа баспананың кілтін табыстап, үй иелерін қоныс тойымен құттықтады.


«Бұған дейін «Қазфосфат» ЖШС-нің басшыларымен бірнеше рет кездесіп, алда атқарар жұмыстар мен халық алдындағы жауапкершіліктерді бірге сараладық. Осының нәтижесінде біраз жобаларды іске асыруды қолға алып, бүгін міне Құмкент ауылында баспаналы болған қос бірдей отбасының қуанышты сәттерінің куәсі болып отырмыз. Алдағы уақытта да кәсіпорынмен бірлесіп атқарар нақты жоспарларымыз бар. Осылайша, тұрғындардың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін назарда ұстап, халық сұранысына орай туындаған түйткілді мәселелерді бірлесе шешу үшін бар мүмкіндіктерді пайдаланамыз», – деген аудан әкімі «Қазфосфат» ЖШС бас директорының әлеуметтік даму және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі орынбасары Ерсін Берікұлына арнайы алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.


Ауыл ақсақалдары мен баспана иелері игі іске арқау болған барша азаматтарға ізгі тілектерін арнады.


«Біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырмай, осы іске арқау болған барлық азаматтарға тек алғыс айтамыз, – деген алтын құрсақты батыр ана Бақытгүл Сәтиева қоныс тойындағы қуанышымен бөлісті. Сонымен қатар, ұлының баспаналы болғанына айырықша қуанған 83 жастағы Күләнда әжей де: «Ел іші даусыз болсын, елде тек береке-бірлік, татулық болсын», - деп шараға жиналған жұртшылыққа ақ батасын арнады.


Айта кетейік, Құмкент ауылынан берілген 5 бөлмелі жаңа баспаналарда су, жылу сынды коммуналдық қызметтері үшін жеке бөлмелер қарастырылып, жылу жүйелері толықтай орнатылған. 30 сотықтан астам жер учаскелері арнайы шарбақпен қоршалған. Ол қосалқы шаруашылықты дамытуға және бау-бақша дақылдарын өсіруге мүмкіндік береді.