ТҮРКІСТАН: Созақта жабық үлгідегі шағын футбол алаңы ашылды

0
72

Нысан аумағы толықтай асфальт жабындысымен көмкеріліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.


ТҮРКІСТАН: Созақта жабық үлгідегі шағын футбол алаңы ашылды

Созақта Республика күні қарсаңында жабық үлгідегі шағын футбол алаңы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында Созақ ауданы, Қозмолдақ елді мекенінде жабық үлгідегі кіші футбол алаңының құрылысы аяқталып, ауыл тұрғындары қуаныштың куәсі болды.


Талаптарға сай салынған жаңа спорт нысанының ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындары мен жастарды құттықтады.


– Біз үшін ең бастысы – балалардың қуанышы, жастардың жетістігі. Өйткені жастар – елдің ертеңі, келешегі. Сондықтан олардың спортпен шұғылданып, дені сау, белсенді ұрпақ болып өсуі үшін барлық ауылда спорт және ойын алаңшаларын салу ісі жүйелі жалғасуда, – деді.


Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев құттықтау сөз сөйледі. Ол жаңа спорт алаңы жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік етуіне зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Ауыл қариялары игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғыстарын білдірді.


Жаңа жабық үлгідегі кіші футбол алаңы талаптарға сай жабдықталған. Мұнда ойыншыларға арналған киім ауыстыру бөлмелері, жарықтандыру жүйесі, жасанды көгал төсемі мен қауіпсіздік қоршаулары қарастырылған. Нысан аумағы толықтай асфальт жабындысымен көмкеріліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.


Айта кетейік, дәл осындай үлгідегі спорт алаңдары биыл Шу, Тасты, Жуантөбе, Жартытөбе және Құмкент ауылдарында да бой көтеруде. Құрылысы аяқталуға жақын.

Бөлісу