ТҮРКІСТАН: «Табысты отбасы» жобасының түлектеріне құрал-жабдықтар табысталды

0
1 030

Бұл жобаның мақсаты – тұрғындарға өз ісін ашуға қолдау көрсетіп, табысын ұлғайтуға көмектесу.


ТҮРКІСТАН: «Табысты отбасы» жобасының түлектеріне құрал-жабдықтар табысталды

Сарыағаш ауданында «Табысты отбасы» әлеуметтік пилоттық жобасының 43 түлегіне құрал-жабдықтардың сертификаттары табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сарыағаш ауданында «Табысты отбасы» әлеуметтік пилоттық жобасы аясында оқуды аяқтаған 43 азаматқа өз ісін бастауға қажетті құрал-жабдықтардың сертификаттары табысталды.


Іс-шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов, жобаның авторы Айжан Нұрланова, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Динара Динашова, «Самұрық- Қазына» АҚ өкілдері қатысып, жоба түлектеріне сәттілік тіледі.


"Бүгінде елімізде көптеген әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр. Бірақ «Табысты отбасы» жобасы қысқа мерзімде кәсіпкерлік негіздерін оқытып, білім мен дағдылардан басқа, бейіндік бағытты таңдауға көмектесетіндігімен, сондай-ақ, кәсіп бастау үшін жабдықтарды өтеусіз беретіндігімен ерекше. Бұл – қатысушылар үшін отбасылық табысын арттыруға тамаша мүмкіндік. Жоба түлектері осындай зор мүмкіндікті игіліктеріне жұмсап, өз жетістіктерімен дәлелдейтініне күмәнім жоқ", – деді аудан әкімі.


Бұл жобаның мақсаты – тұрғындарға өз ісін ашуға қолдау көрсетіп, табысын ұлғайтуға көмектесу. Азаматтарға өз кәсібін дөңгелетуге 150 АЕК көрсеткіш көлемінде құрал-жабдықтар түріндегі грант беру жобасы биыл алғашқы рет өткізіліп жатыр.


Пилоттық жоба аясында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, нысаналы топқа жататын аз қамтылған отбасылар, 29 жасқа дейінгі көпбалалы ата-аналар, жалғыз басты аналар мен әкелер, ерекше күтімді қажет ететін баланы тәрбиелеушілер және мүгедектігі бар аудан тұрғындары қатысқан болатын.