Бұл кәріздік тазарту қондырғысы тәулігіне 3500 м3 су өңдейді. Сондай
Төлебиде жаңа қосалқы электр станциясы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Төлеби ауданына арнайы іссапармен барып, ондағы өзекті мәселесі бар құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен Ленгір қаласындағы «3-кәріздік тазарту қондырғысының» (КОС-3) құрылыс жұмыстарын көрді. Бұл кәріздік тазарту қондырғысы тәулігіне 3500 м3 су өңдейді. Сондай-ақ қаладағы кәріз жүйесінің мәселесін түбегейлі шешу үшін №1,2 кәріз тазалау ғимараттарын күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы қаралды.
Іссапар «Алатау» шағынауданындағы электр қосалқы станциясына жалғасты. Қала аумағын электр қуатымен қамтуға арналған станция құрылысы толығымен аяқталған. Қазіргі кезде құжаттарын реттеу жұмыстары жүргізілуде. Маусым айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, аудан орталығының «Қазығұрт», «Самал», «Алатау», «Шаңырақ» мөлтек аудандарындағы жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар сапалы электр энергиясымен қамтылады.
«Алатау» мөлтек ауданында автомобиль жолдарына 22,4 шақырым асфальт төсеу, суағар орнату, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жер кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдерінде электр жүйелері, ауыз су құбырлары тартылған. Нысан құрылысы толығымен аяқталғанда 562 азамат жер теліміне ие болады.
Зұлпыхар Сансызбайұлы Ленгір қаласындағы N1 су жинақтаушы құрылғысының жұмысымен танысып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын жүйеге келтіруді тапсырды.