ТҮРКІСТАН: Төлебиде сүт өнімдері шығарылып жатыр

0
600

Кәсіпорын заманауи технологиямен жабдықталған.


ТҮРКІСТАН: Төлебиде сүт өнімдері шығарылып жатыр

Төлебидегі кәсіпорын заманауи технология арқылы сүт өнімдерін шығаруда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барды. Көксәйек елді мекенінде орналасқан «ФудМастер-Шымкент» ЖШС-де болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталмыш цех тәулігіне 70-80 тонна сүт өңдеуге қабілетті. 2014 жылы Франциядан арнайы құрал-жабдықтар әкелініп, заманауи техникалармен толықты. Нәтижесінде мұнда инновациялық технологияларды қолдана отырып, жаңа сүт өнімдерін шығаруда. Олар: сүт, айран, қаймақ, биоайран, йогурт және басқа да өнімдер.


Облыс әкімі кәсіпорын басшысымен әңгімелесу барысында оның ұсыныс-пікіріне құлақ түрді. Аудан әкіміне өз кәсібін кеңейтемін немесе жаңа жобаны бастаймын деген кәсіпкерлер үшін қолдау көрсетілетінін айтып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды жан-жақты насихаттауды тапсырды.


Кәсіпорын технология мүмкіндігін пайдалана отырып, өнім сапасын арттыруды көздеп отыр. Зауыт сиыр сауатын орын, сүттің мөлшері мен сапасын бақылап отыратын жоғары технологиялық құрылғымен жабдықталған.


Аталған кәсіпорын басшысы Сұлтан Әбдіғалидің айтуынша, аудан аумағындағы тұрғындардан жинап келген сүтті міндетті түрде тексеріп, май құрамын, сапасын зерттейді. Компанияның барлық өнімі сертификатталған.


Нарықта өз орнын тауып отырған аудандағы ірі кәсіпорында 128 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде аталған кәсіпорынның республика көлемінде бірнеше зауыты бар. Өткен жылы кәсіпорын 5760,0 млн. теңгеге 14 400 тонна өнім өндірсе, жыл басынан бері 4930,0 млн. теңгеге 12 500 тонна өнім өндірген.