ТҮРКІСТАН: Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша мәжіліс өтті

0
290

Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.


ТҮРКІСТАН: Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша мәжіліс өтті

Түркістан облысында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстар күшейтілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстар күшейтілген. Дайындық жұмыстары облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тұрақты бақылауында.


Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі кезекті комиссия отырыс өтті. Жиынға комиссия мүшелері және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Жауапты сала басшылары мен орынбасарлары 2024-2025 жылдары қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындық, жылыту маусымына дайындық шаралары, күз-көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы баяндап, өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Ыстық нүктелердегі» өзекті мәселелер ортаға салынып, шешу жолдары қарастырылды.


Облыс әкімінің бірінші орынбасары өткен жылы орын алған кемшіліктер бойынша жұмыстарды күшейтуді, өңірдің су тасқыны мен қар басу қауіпі бар елді мекендердегі жұмыстарға аса мән беруді тапсырды.


– Келесі жылдан бастап талапты күшейтеміз. Төтенше жағдай орын алған аймақтардың басшыларына қатаң шара қолданылады. Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын қатаң қадағалауда ұстауларыңыз қажет. Шалғай аудандар мен су тасқыны болуы және қар басуы ықтимал аумақтардағы жұмыстарды күшейтіңіздер. Қажетті техникалар мен материалдар жеткілікті болуы керек. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысын басына барып, бақылаймыз, – деді Зұлпыхар Жолдасов.


Алдағы қыс мезгілінде орын алу мүмкін төтенше жағдайларға қарсы атқарылып жатқан дайындық іс-шаралары туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Асқар Төлешев баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыс аумағында қар басатын жалпы 22 аумақ анықталған. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында – 6, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында – 16. Қар басатын жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 404,4 шақырымды құрайды. Облыстық маңызы бар жолдарда 9 шақырым қар ұстағыш қалқандар бар. Қар құрсауында және күрделі метеожағдайларда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 11 жылыту пункті есепке алынған.


Өңірдегі автомобиль жолдарына қысқы маусымда қызмет көрсететін мекемелердің («Оңтүстік жолдары» МКК) мәліметіне сәйкес, жалпы 157 бірлік техника, 591 тонна тұз, 3 400 м3 құм, 140 тонна дизель, 28 тонна бензин, 130 тонна көмір отыны дайындалған.


«Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мәліметіне сәйкес, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарына 121 бірлік техника, 259 адам дайындыққа келтірілген.


Сондай ақ, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеті орналасқан. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында – «Шыбықбел», «Одаманбұлақ» және Созақ ауданында «Ащысай», «Таскөмірсай» жылыту бекеттері дайын тұр. Бұл жылыту бекеттері 70 тонна көмір отынымен қамтамасыз ету жоспарлануда және тәулік бойына кезекші ұйымдастырылған. Төсек-орынмен қамтамасыз етілген жылыту бекеттерінде бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіндік бар.

Бөлісу