ТҮРКІСТАН: Туған ағалары күң еткен екі қыздың тағдыры өзгерді

0
1 115

Ол аздай, іш киімі де болмайтын қыздар «майка» мен шалбар ғана киеді екен.


ТҮРКІСТАН: Туған ағалары күң еткен екі қыздың тағдыры өзгерді

Түркістан облысында немере ағасы мүмкіндігі шектеулі екі қарындасын күң еткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы 11 жыл бойы бір партада отырған сыныптастарының жағдайына алаңдаған Түркістан облысының тұрғындары Гүлсімжан Әділжанова мен Айша Мұстафина «Көреміз» бағдарламасына жеткізген. Олар сыныптас құрбыларын өздерінің немере ағасы күңдікке жегіп отырғанын айтқан.


Олардың айтуынша, жұмысқа жегілген екі қыз тек нан мен қара су ішеді. Ол аздай, іш киімі де болмайтын қыздар «майка» мен шалбар ғана киеді екен. Оған қоса, үйлерінде жеке бас тазалығына арналған зат болмайтын азаматтардың үстінен қоңырсық иіс шығып тұратын көрінеді.


Тіпті, сыныптастары азып-тозып кеткен құрбыларын танымай да қалады екен.


«Мектепте оқығанда тәп-тәуір қыздар еді. Өзім кейде көргенде танымай да қалатынмын. Үсті-бастары жара, шаштарын қысқа қылып алып тастаған. Екі қыздың мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, мемлекеттен жәрдемақы қарастырылған. Ағасы ақшаны қалтаға басып, аптап ыстықта екі қарындасына мал бақтырып қойған. Оларға мал бақтырып, қорлық көрсетіп жүр. Қыздардың осындай жағдайға жеткізген адамдарды жауапқа тартуды сұраймыз», - дейді ол туралы Гүлсімжан Әділжанова.


Ал, қыздардың немере ағасы Сәулебек Әбділдаев болса, оларға 89, 70 мың теңгеден бөлінетінін айтады.


«Бізден бөлек тұрады. Себебі олардың жұқпалы ауруы бар. Кішкентай қыз туберкулезбен ауырады. Ол дерт балаларға жұға ма деп бөлек шығардық», - дейді ол.


Қыздардың сыныптасы Айша Мұстафинаның айтуынша, екі қыздың анасы аурушаң болған және әкелері қайтыс болған. Содан соң, 9-10-сынып оқып жүрген кезде аналары қайтыс болып, ағасы қолына алғаннан бастап жағдайлары нашарлаған көрінеді. Ал, қазір олар адам сенгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр екен.


«Қорада малшыға арналған үй салынған. Соның ішінде тұрады. Азаннан кешке дейін мал бағады. «Айлығымызды басшы береді. Бірақ ағам алады» деп отыр. Екеуі дүкенге барған емес. Құндыздың беті жара-жара. Таяқ жеген шығар деп ойладық. Бұл қыздардың зейнетақысы бар, жұмыс істеп жатыр», - дейді сыныптастары.


Тағы бір айта кетерлік жағдай – қыздардың анасы қайтыс болғаннан кейін, ата-аналарының үйі Құндызайдың атына өткен. Ал, ол баспананы немере ағалары 900 мың теңгеге сатып жіберіпті.


Атап өтсек, екі қыздың бірі – Назгүл 1991 жылы, екіншісі – Құндыз 1996 жылы дүниеге келген. Екеуі де Отырар ауданы, Шілік ауылында Мұхтар Шаханов атындағы мектептің түлегі.


Осы жағдайлардан соң, 17 жыл мал бағып, қорлық көрген қыздар Тараз қаласындағы көпбалалы ана Зүлфия Төленоваға табысталды. Алдағы уақытта аталған асыраушы екі қыздың тағдыры жайлы жариялап отырмақ.