Көлемі 576 шаршы метрді құрайтын заманауи тұқымбақ жасақталып, онда сирек кездесетін сәндік және жапырақты ағаштар өсіріліп жатыр.
Түркістан облысына қарасты «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде тұрақты екі орман тұқымбағы бар, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысына қарасты «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде тұрақты екі орман тұқымбағы бар. Нақтырақ айтсақ, «Ескі аэропорт» деп аталатын тұқымбақ көлемі 120 гектар және «Қарашық» тұқымбағының аумағы 100 гектарды құраса, Қарсақты учаскесінде 20 гектарлық уақытша орман тұқымбағы бар. Жалпы өңірдегі орман тұқымбақтарында25 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсіріліп жатыр. Оның 6 түрі қылқанжапырақты, 11-і жапырақты түрге жататын болса, алтауы бұта тектес ағаштар. Сонымен қатар, көлемі 576 шаршы метрді құрайтын заманауи тұқымбақ жасақталып, онда сирек кездесетін сәндік және жапырақты ағаштар өсіріліп жатыр.
«Жасыл аймақ» КММ-ның директоры Ибрагим Жақсыбайұлының айтуынша, тұқымбақты дамыту мақсатында биыл 11 түрлі ағаш-бұтаның бес мың келіге жуық тұқымын себу жоспарланған. Көктем және жаз мезгілінде ағаш тұқымдарының пісіп, жетілуіне байланысты 2200 келі тұқым жиналып, орман тұқымбағына себіліпті.
«Қазіргі таңда тұқымбақтарда барлығы 5,7 млн. түптен астам ағаш-бұта көшеттері өсіріліп жатыр. 2024 жылдың көктемінде орман тұқымбағынан 760 мың түп ағаш көшеті қазылып, өңірдегі жасыл белдеу аумағын толықтыру үшін әр орманшылыққа үлестірілді. Ал былтыр аудан, қала орталықтарын көгалдандыру мақсатында орман тұқымбағынан көктемде 411 758 түп және күз мезгілінде 34 200 түп ағаш көшеті тарқатылды. Сонымен қатар, биылғы жылдың көктемінде 64 198 түп көшет жөнелтілді», - деді мекеме басшысы.
Ал мекеменің ғылыми қызметкері Нұрлан Айтымов тұқымнан өніп шыққан көшеттерді орман алқабына дайындау үшін екі жылға жуық уақыт қажет екендігін айтты.
Жалпы, орман тұқымбағында 48 адам тұрақты негізде жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, үш тіркемелі техника бар. Мекеме басшысының айтуынша, ең төменгі жалақы 160 мың теңгені құрайды.