Бұл – аудан тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығының нақты дәлелі.
Биыл Түлкібаста демеушілер тарапынан 4 жаңа спорт алаңшасы қолданысқа берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түлкібас ауданы, Азаттық ауылында заманауи кіші футбол алаңшасының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Бұл игі істің жүзеге асуына ауыл тумасы, жанашыр азамат Шыңғысбаев Әсет Байжігітұлы мен оның інісі Ешпенбет Алмас Бижігітұлы бірлесіп, 15 миллион теңгеге жуық қаржыға демеушілік жасаған. Жаңа алаңша ауыл балалары мен жастарының салауатты өмір салтын ұстануына, бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік бермек.
Биыл Түлкібас ауданында осындай 5 спорт алаңшасы салынған болса, соның 4-еуі жеке азаматтардың демеушілігімен жүзеге асқан. Бұл – аудан тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығының нақты дәлелі.
Алдағы уақытта аталған спорт алаңының аумағы аудан әкімдігінің қолдауымен көгалдандырылып, толық абаттандырылатын болады. Түлкібастық жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған мұндай игі істер жалғасын таба бермек.