Әкім аудан орталығынан дүкен ашуды ұсынды.
Түлкібас ауданындағы диірменнен шыққан ұн наубайханаларға арзан бағада ұсынылатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, күнделікті қолданыстағы ең маңызды азық-түліктің бірі – бидай ұнының бағасын нан жабумен айналысатын наубайхана мен тұрғындарға қол жетімді бағада ұсыну көзделген. Осы орайда аудан әкімдігінің ұсынысына сәйкес, аудандық мәслихаттың депутаты Мадияр Асанның тікелей бастамасымен "TURAN GROUP COMPANY" ЖШС-ның 50 келілік «AZIA NAN» ұны сауда орындарына жеткізіліп жатыр.
Атап өтсек, диірмен басынан алатын кәсіпкерлерге жоғары сұрттағы бидай ұнының көтерме бағасы 9800 теңге, І сұрыпты ұн 8800 теңге және ІІ сұрыпты ұн бағасы 6000 теңге болып бекітілген. Ал, кебектің 1 келісі 88 теңге.
Аптасына орта есеппен 140 тонна ұн шығарып отырған кәсіпкерлік нысанда 48 адам жұмыспен қамтылып отыр. Аудан әкімі Нұрлан Байғұт аталған диірменге арнайы барып, жұмысымен танысты. Кәсіпкерге бидай ұнының бағасын аудан аумағында тұрақтандыру бойынша қолдау көрсетуге шақырып, аудан орталығынан дүкен ашуды ұсынды. Әкімдік тарапынан Заң аясында барлық қолдаулар болатындығын жеткізді.