Үздік 8 команда қатарына еніп отыр.
Түркістанның «Тұраны» Қазақстан кубогының ширек финалына шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Футболдан Қазақстан кубогының 1/8 финалдық кездесулері өтті. Түркістанның «Тұран» командасы Ақтаудың «Каспий» клубымен екінші кездесуін өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Бірінші кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жеткен түркістандықтар қарымта кездесуде біраз кедергіге тап болған. Гол жіберіп алып, екі ойын бойынша нәтиже теңесті. Бірақ қосымша уақытта «Тұран» қаһарына мінді. Алдымен Нұрғайни Бөрібаев 96-минутта әдемі соққысымен есепті теңестірді. Ал 118-минутта Рифат Нурмугамет жеңіс голын салды. Осылайша, түркістандық команда тұңғыш рет Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алып, үздік 8 команда қатарына еніп отыр.
Түркістандықтар топтық кезеңде «Хан Тәңірі», «Түркістан», «Жетісай» командаларын, одан кейін Семейдің «Елімай» клубын жеңген болатын. 1/8 финалдағы қос кездесуде ақтаулық «Каспийді» қапы қалдырған тұрандықтар келесі кезеңде «Астанамен» бақ сынасады.