Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы атанды

0
572

Мұнда алты бағыт қарастырылған.


Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы атанды

Түркістан қаласында түркі елдерінің өкілдері арасында туристік форумы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласында түркі елдерінің өкілдері арасында туристік форумы басталды. Келелі жиынға Түркі Мемлекеттері Ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы орынбасары, Түркістан облысы мен Қоқан қаласының әкімі, ҚР Туризм және спорт министрлігі, түркі елдерінің туризмге қатысты министрліктері мен ҚР орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті, туризм саласының және қоғамдық қауымдастық өкілдері қатысты.


"Түркі халықтарының мәдени және рухани мекені, тарихтан келешекке бағыт алған Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Әлемдік туризмнің даму тенденциясы жылдан жылға оң бағыттарға өзгеріп келеді. Бүгінгі іс-шара түркітілдес елдер арасындағы туризм бағытындағы қарым-қатынастарды дамытуға маңызды үлес қосады. Түркітілдес халықтардың мәдениеті мен өркениетін нығайтуға айрықша серпін береді. 2021 жылы 31 наурызда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII бейресми саммитінде тараптар Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атау туралы декларацияға қол қойды. Бұл құжат – Түркістанның рухани-мәдени бағытта дамуына оң серпін беріп келеді. Түркі тілдес елдердің туризм бағытындағы жоғары деңгейдегі кездесулері мен келісімдері Түркістанға тың серпін береді. Жаңа Түркістан Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналады деп сенемін", –деген облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды атап өтті.


Форумда Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев бірқатар бастамалар мен кешенді шараларды ұсынды. Мұнда алты бағыт қарастырылған.


Атап айтқанда, біріншіден, ТМҰ мүше мемлекеттер мен бақылаушы мемлекеттердің ірі қалалары арасындағы авиарейстер санының артуы. Екіншіден, бірлескен туристік өнімдерді құру, серіктестік қатынастарды жолға қою бойынша жұмыстарды жандандыру және «Жібек жолы» заманауи турмаршрутын дамыту. Үшіншіден, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Таббарук Зиерат» пилоттық жобасын одан әрі жалғастыру. Төртіншіден, салауатты өмір салтын насихаттау, мәдени алмасу және туристік ағымды ынталандыру мақсатында ТМҰ елдері арасында жүгіру бойынша марафондар альянсын құру ұсынылды. Бесіншіден, туризм және қонақжайлылық бойынша оқытуға мамандандырылған ТМҰ университеттер лигасын құру. Бұл туризм саласындағы табысты мансап үшін маңызды болып табылатын студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді. Алтыншыдан, елдердің туристік әлеуетін ілгерілету және маркетинг бойынша тәжірибе алмасуды күшейту.


"ТМҰ кеңістігіндегі маңызды бастамалардың бірі «Түркі әлемінің туристік астанасы» ерекше атап өтуге болады. Бұл бастама Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп, бір-бірінің мәдени және дәстүрлі құндылықтарын білу арқылы барлық түркі елдері халықтарының тығыз байланысуына ықпал етеді", – деді вице-министр өз сөзінде.


Форумның басты мақсаты – түркі әлемінің туристік астаналары арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату және 2024 жылы түркі әлемінің келесі астанасы ретінде Түркістан қаласымен таныстыру.


Айта кетейік, күні кеше ТМҰ елдеріндегі туризм мәселелеріне жауапты министрлердің VIII отырысы аясында Түркістанды 2024 жылға арналған Түркі әлемінің туристік астанасы деп жариялау бастамасы мақұлданды. Осы шешім туралы ресми хабарландыру ел басшыларының жақын арадағы саммитінде жоспарлануда.