ТҮРКІСТАН: Ы.Алтынсарин атындағы кітапхана 60 жылдығын атап өтті

0
3 605

Қарашаңырақтың мерейтойы аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылды.


ТҮРКІСТАН: Ы.Алтынсарин атындағы кітапхана 60 жылдығын атап өтті

Түркістан облысындағы Алтынсарин атындағы балалар кітапханасына 60 жыл толды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Биыл Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасына - 60 жыл. Жарты ағасырдан астам уақыт балаларға қызмет кеөрсетіп келген қарашаңырақтың мерейтойы аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен орайласқан Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының 60 жылдығы Ордабасы ауданында аталып өтті.

«Бала руханиятының алтын бесігі» тақырыбындағы апталықтың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Қасымбай Әбдіхалық арнайы қатысып, кітапсүйер қауымға ізгі ниетін жеткізді. Шара барысында қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің шығармалары дәріптелді.

Биылғы еліміздің мерейтойлар күнтізбесінде қазақтың алғашқы ағартушысы Ы. Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы енгізілді. Облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Зоя Бегежанова сөз алып, ғасырдан ғасырға жалғасқан руханият керуенінің мәні мен маңызына тоқталды. Ал аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары қазақ ғұламаларын сөйлетіп, бүгінгі ұрпаққа ұлағаттарын жеткізді. Әдеби монтаж Ыбырай Алтынсариннің туындыларына арналды. Аудандық «Жас толқын» жасөспірімдер театрының кішкентай өнерпаздары да өнерін ортаға салып, көрерменге қуаныш сыйлады.

Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының негізі 1961 жылы қаланды. 1976 жылы кітапханаға қазақтың ұлы ғалымы, фольклорист, педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің есімі берілді. Кітапхана – білім беретін, бос уақытты тиімді пайдаланатын, ақпараттық және коммуникативтік орталық болып табылады.

Кітапхана жыл сайын 27 мыңнан аса оқырманға қызмет көрсетіп, оларға 500 мыңға жуық түрлі әдебиеттер мен құжаттар беріледі. Кітапхана оқырмандары: мектеп жасына дейінгі, 1-9 сынып оқушылары және балалар оқуының жетекшілері (ата-аналар, тәрбиешілер, мұғалімдер). Бүгінгі таңда кітапхананың кітап қоры 250 мыңнан асады. Бұлар балаларға арналған дүниежүзілік үздік әдебиеттер, осы заманғы балалар көркем әдебиеті (отандық және шетелдік), оқу процесіне көмектесетін салалық және анықтамалық әдебиеттер, мерзімді басылымдар, аудио және бейне материалдар, электронды басылымдар.