Жасанды көлге су жіберіліп, үстіндегі көпірі салынған.
Түркістандағы жасанды көлі бар саябақтың құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы бірнеше құрылыс нысанын аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен жасанды көлі бар қалалық саябақта болды. Бүгінде мұнда жұмыс қарқынды. Жасанды көлге су жіберіліп, үстіндегі көпірі салынған.
«Бұл саябақ туризмді дамытуға серпін береді. Саябақтағы нысандарды бояу барысында түрлі түстерді қолданған жөн. Сәулетшілермен ақылдасып, балаларды, жалпы жұртшылықты қызықтыратындай бояулармен көмкеріңіздер. Қауіпсіздік мәселесі де назарда болуы тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.
Аталған саябақтың жалпы жер ауданының көлемі – 12,7 гектар. Су сыйымдылығы – 0,6 млн.м3. Құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған. Қазіргі таңда қоршауларды бояу, аббатандыру, ғимараттардың ішкі әрлеуі, көгалдандыру, субұрқақтың құрал-жабдықтарын орнату, шатырларды орнату, ғимараттардың қасбетін реттеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 6 техника және 97 жұмысшы жұмыс істеуде.
Өңір басшысы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе қалашығына күмбез орнату жұмыстарын да қадағалады. Бұл нысан қыркүйек айында тапсырылады деп күтілуде. Алдағы уақытта Күлтөбе қалашығы туристік орындардың біріне айналмақ.