ТҮРКІСТАН: Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеді

0
209

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында жыл басынан бері 4 мыңнан аса іс-шара өткізіліп, 403 мың жас қамтылды.


ТҮРКІСТАН: Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Түркістан облысында жастар саясаты жандана түскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында жыл басынан бері 8 айдың қорытындысы бойынша 15-34 жасқа дейінгі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,8% құрап, өткен жылмен салыстырғанда жағдай айтарлықтай жақсарған. Бүгінгі таңда өңір халқының 31 пайызын, яғни, 670 мыңнан астамын жастар құрайды.


Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында жыл басынан бері 4 мыңнан аса іс-шара өткізіліп, 403 мың жас қамтылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі жастар саясатын іске асыру мәселесі кеңінен сараланды.


Өңір басшысы жастар саясаты мемлекет стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтіп, оларды тұрақты жұмыспен қамту ең басты өзекті мәселе екенін жеткізді.


– Жастар арасында Түркістан өңірінен шыққан белгілі тұлғалармен тұрақты кездесулер өткізуді тапсырғанмын. Бұл – жас ұрпаққа мотивация беріп, бағыт-бағдар сілтеудің тиімді жолы. Сонымен қатар жастар саясатын тиімді іске асыру бағытында басқа облыстардың және көрші мемлекеттердің тәжірибелерін зерделеп, тиімді жобаларды бейімдеп енгізу қажет. Бұл бойынша нақты ұсыныстар әзірленуі тиіс, – деген облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған саланы дамыту бойынша, жұмыстарды жандандырып, тың идеялар мен жобаларды іске асыруды және нәтижелі жұмыс көрсетуді тапсырды.


Мәжілісте облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл осы салада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында тиісті жұмыстар жүйелі түрде іске асырылуда.


Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Жас сарбаз» қозғалысы дамыды. Облыста 21 мыңнан астам жас «Жас сарбаз» қозғалысына тіркелген. Жалпы, 739 әскери-патриоттық клуб жұмыс істейді. «Жас сарбаз» қозғалысы жастарды отансүйгіштікке, шығармашылыққа, әскери-техникалық білімге және спортқа баулиды. Жыл басынан бері, әскери-патриоттық бағыттағы 158 іс-шара өткізіліп, 10 132 жас қамтылды.


Өңірде жастардың бастамасымен көтерілген «Арақ сатылмайтын ауыл» үндеуі қолдау тауып, облыс бойынша 75 елді мекенде алкогольді ішімдік өнімдерін сату тоқтатылған. Аталған ауылдарда 125 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Бұл жоба жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттерге бой алдырмау және қылмыс пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылуда.


Қазіргі таңда экологиялық жағдай мен тәртіп – еліміз үшін маңызды мәселелердің бірі. Осыған орай қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы еліміздің әр өңірінде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды шараларды қамтиды. Жыл басынан бері жастар ресурстық орталықтары мен жастар ұйымдарының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында 900-ден астам арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып, 189 мыңға жуық ерікті жастар қатысты.

Бөлісу