Дәрі-дәрмек қобдишаларын үлестірді.
Түркістандық жастар әскери қызметкерлерге пандемия кезінде қолданатын дәрі-дәрмек қобдишаларын үлестірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елдегі Төтенше жағдайға байланысты «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының қолдауымен жасотандықтар әскери қызметкерлерге пандемия кезінде қолданатын дәрі-дәрмек қобдишаларын үлестірді.
Іс-шара «Шымкент-Түркістан» тас жолындағы блок-бекеттерде қаланың қауіпсіздігін, тыныштығын және тұрақтылығын күзетуші азаматтардың ауруға қарсы иммунитеттін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар короновирус инфекциясының жаңа штамы «Омикронның» өршуі мен бірқатар аймақтардың қызыл аймаққа енуі де себеп болды.
Медицина саласы мамандарының арнайы нұсқаулығымен жинақталған дәрі-дәрмек қобдишасы блок посттар тұрған әскерилер мен мамандарға жеткізілді.
«Арнайы дайындалған қобдишада вирусқа қарсы дәрі-дәрмектерден бөлек витаминдер мен қосымша пайдалануға қажетті гигиеналық заттар бар. Қиын кезеңдерден мұқалмай өту үшін алдымен денсаулық маңызды. Сол себепті Президентіміздің «Күшіміз – бірлікте» ұранын алға тарта отырып, әскерилерге қолдау білдіруді жөн көрдік. Және осындай игі іске атсалысқан партия мүшелері мен белсенділеріне алғысымды айтамын. Бұл жұмыстар жалғасатын болады», – дейді «Jas Otan» ЖҚ Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман.
Айта кетейік, жасотандықтар бұған дейін де блок-бекеттердегі әскери қызметкерлерге ыстық тамақ жеткізіп, демеу білдірген болатын.