ТҮРКІСТАН: «Жасыл белдеуді» ұлғайту барысы пысықталды

0
239

Биылғы жылдың күз айында 467,5 мың түп көшет отырғызу көзделіп отыр.


ТҮРКІСТАН: «Жасыл белдеуді» ұлғайту барысы пысықталды

Түркістан облысында «Жасыл белдеуді» ұлғайту, күзгі көшет егу барысы пысықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте күзгі ағаш егу науқаны мен «Жасыл белдеуді» дамыту бағытындағы жұмыстар талқыланды. Өңір басшысы облыстың елді мекендерін көгалдандыру, күтіп-баптау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.


– Ағаш отырғызуда кемшіліктер бар. Егер де суғару жүйелері жоқ болса, онда ағаш отырғызудың қажеті жоқ. Тұрақты суғарып, күтім жасау керек. Егілген ағаштар жерсіне ме жоқ па соны да қадағалап, осы іспен айналысыңыздар. Бүгінгі күнге дейін қанша ағаш егілді. Оның ішінде қаншасы өнгені туралы мәлімет әзірленіп ұсынылсын. Сондай-ақ «Жасыл белдеуді» ұлғайту мен көгалдандыру жұмыстары күшейтілсін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.


Мәжілісте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында республика бойынша елді мекендерде 15 млн. көшет егу тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары Түркістан облысында 1,1 млн көшет отырғызу жоспарланған. Осыған байланысты «Түркістан облысының елді-мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған Кешенді іс-шара жоспары» бекітілген. Жоспарға сәйкес, облыстың елді мекендерін көгалдандыруға 2024 жылдың көктем айларында 491 106 түп көшет егілді. Биылғы жылдың күз айында 467,5 мың түп көшет отырғызу көзделіп отыр. Бүгінгі таңға 438 970 түп көшет босатылды.


Орман шаруашылығы мекемелерімен 2024 жылдың күзі мен 2025 жылдың көктеміне жоспарланған көшеттерді босатуға толықтай мүмкіндік бар. Көшеттерді тарқату бағытында жұмыстар жалғасуда.


Жалпы Түркістан қаласының айналысынан, қазіргі таңға жасыл белдеу құруға 30 000 гектар жерге мемлекеттік акт алынып, мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылуда. Биылғы жылдың күз және 2025 жылдың көктем айларында «Жасыл белдеу» аумағында орман екпелерін отырғызу және толықтыру жұмыстары 17 019 гектар жерде атқарылады. Негізгі басым жұмыстар Түркістан қаласын айнала қоршап тұрған «Жасыл белдеудің» 8 185 гектар аумағында жүргізілмек. Бұл жерге толықтыру жұмыстарын жүргізу көзделуде. Оған мекеменің тұқымбағындағы Түркістан қаласы аумағына жерсінген көшеттер пайдаланылады. Сонымен қатар басқармаға қарасты мекемеде 120 гектар жерге заманауи орман тұқымбағын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 47 гектары тұрақты пайдаланылуда.


Орман тұқымбағында 21 түрлі ағаш-бұта көшеттері өндірілуде. Атап айтсақ, онда ағаштардың қылқан жапырақты 5 түрі, жапырақты 11 түрі және бұта тектес ағаштардың 5 түрі бар. Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеуге және қаланы көгалдандыруға бір жылда 2,5 млн түп әртүрлі ағаш-бұта көшеттері мен 150 мың түп бір және көпжылдық гүл көшеттері қажет. Осы орайда, жаңадан құрылып жатқан тұқымбақтың 120 гектар жерін «Жасыл аймақ» КММ-нің теңгеріміне алу үшін Сауран ауданы әкімдігінен жерді заңдастыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта орман тұқымбағының 120 га жер көлемі ұлғайып, толық игерілген жағдайда, жылына 14,3 млн түп көшет өсіріледі деп күтіліп отыр.

Бөлісу