ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданына 90,2 млрд. теңге инвестиция тартылды

0
102

Жергілікті тұрғынлар тұрақты жұмыспен қамтылды.


ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданына 90,2 млрд. теңге инвестиция тартылды

Жетісай ауданына инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес аудан, қалаларда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға және өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған нақты істер жүзеге асырылып жатыр.


Сондай жобалардың бірі Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінің аумағында жүзеге асырылуда. Жалпы ауданы 1 га құрайтын шағын өндірістік паркінде құны 210 млн. теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, құрғақ, сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орны іске қосылып, 100-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.


Аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан нысанда болып, жұмыс барысымен танысты. Инвесторлармен кездесіп, құрылыс жұмыстарын жоспарға сай межеленген уақытта сапалы аяқтау керектігін айтты.


–Белгіленген жоспарға сай өндірістік паркте 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Ауданда жаңадан салынып жатқан индустриялды аймақ пен шағын өндірістік паркті тиімді пайдалану, жаңа өндірістік орындарды ашу экономикалық дамуымызды еселеуде өте маңызды. Ауданда жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындарын ашуға ниет білдірген инвесторларға өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға заң аясында барлық қолдауларды көрсетеміз. Бұл ретте аудан орталығына жақын орналасқан Асықата кенті мен Ынтымақ, Жаңа ауыл, Қазыбек би ауылдық округтерінің әлеуеті өте жоғары, – деді аудан басшысы.


Соңғы 5 жылда 90,2 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған ауданда іске қосылатын индустриялды аймақ пен шағын өндірістік парк мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасайды. Осылайша ауданға тартылатын инвестиция көлемін 2030 жылы 419,6 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Бөлісу