ТҮРКІСТАН: Жетісайда 200 бүлдіршін күй тартты

0
1 370

Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 200 бүлдіршін күй тартты

Жетісайда «1 шілде – Ұлттық Домбыра күні» мерекесіне орай мәдени көпшілік іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық «Жетісай» мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «1 шілде – Ұлттық Домбыра күні» мерекесіне орай мәдени көпшілік іс-шара болып өтті.


Салтанатты шарада ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-композитор, профессор Бөрі Исаның жетекшілігімен аудандағы жас күйшілерден құралған 200 домбырашы Құрманғазының «Балбырауын», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін нақышына келтіріп орындаса, мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


«Күйде қазақтың асқақ, асыл ойлары, арман-мақсаты, ізгі тілектері, қуанышы, қайғы-қасіреті мен әртүрлі сезім иірімдері бейнеленеді. Күмбірлеген қос ішекті домбырада шертілген күйдің адам жан-дүниесіне тигізетін әсері орасан, сондықтан, оны шынайы ықыласпен қабылдау арқылы ғана түсінуге болады. Қаншама ғасырлар бойы жинақталған күй қазынамыз – ұшы-қиыры жоқ, аса мол мұра. Әлемдік музыка қорына әр халық, ұлт өзіне тән өрнекпен өлшеусіз үлес қосатынын ескерсек, музыка мәдениетінің өткеніне ой жүгіртіп, әралуан тарихи деректеріне жүгінсек, халық өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан да осы домбыра аспабымыз. Бүгін біз осы бір қасиетті де қадірлі дүниемізді халық арасында насихаттауға барынша күш салдық», - дейді аудандық «Жетісай» мәдениет үйінің директоры Перизат Тәжібаева.


Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ен даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге тарихтың тағылымды иірімдерінен өткен ұлттық аспабымыз бүгінде заманауи музыка өнеріне бейімделіп, дүние жүзінің сахнасында қазақ өнерін танытуға үлкен үлес қосып келеді.


Музыка әлемі – адамзат мәдениетінің байлығы ішіндегі мұхиттай шексіз, ғажайып дүние екеніне көз жеткізуде аталмыш шараның маңызы жоғары болды.