ТҮРКІСТАН: Жетісайда әр сенбі "Тазалық күні" болып белгіленді

0
684

Табиғатты аялауға бірігіп күш салуға шақырды.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда әр сенбі

Түркістан облысы Қоғамдық Даму Басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай аудандық филиалының қызметкерлері әр аптаның сенбі күнін «Тазалық күні» етіп белгілеген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қоғамның тазалығы әрбір адамның өзінің жеке басының, қоршаған ортасы мен тұрғылықты жерінің тазалығына мән беруінен басталады. Адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі де осы тазалықтың сақталуы. Ол адам денсаулығының жақсаруына, өң-түсінің сүйкімділігіне, өмір жасының ұзақтығына, тұла бойының сәнділігіне, өз қадыр-қасиетін бағалауы мен айналасына тартымдылығына алып келеді.

Тазалықтың тиімділігі мен мән-маңызын терең түсінген Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Түркістан облысы Қоғамдық Даму Басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай аудандық филиалының қызметкерлері әр аптаның сенбі күнін «Тазалық күні» етіп белгілеген болатын.

Бұл жолы аудан жастары тазалық жұмыстарын өздерінің қызметтік ғимараттарының маңында жүргізді. Орталықтың айналасын ретсіз өскен шөптерден тазартып, ағаштардың түбін әктеді. Арық-атыздарды қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, тұрғындарға тазалықты сақтау мәселелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін түсіндірді. Табиғатты аялауға бірігіп күш салуға шақырды.

«Әрбір ата-ана да ұл-қыздарының өздеріне қарап тәрбие алатынын естен шығармағаны жөн. Кез-келген тазалық адамның өз бойынан көрініс тапсын. Өзін, айналасын таза ұстай білген адам, өзгеге де сол тазалығын көрсете алады. Осы себепті қазақта: «Сен баланы тазалыққа, әдептілікке тәрбиелеймін деп әуре болма, бала бәрібір саған ұқсайтын болады. Сен одан да өзіңді тәрбиеле. Ұл-қызың саған қарап өседі, бой түзейді» - деген сөз бар» дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Сағынбекұлы Мутаев.