«Үздік мектеп – 2025» номинациясы табысталды.
Жетісай ауданының мектептерінде соңғы қоңырау соғылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін еліміздің барлық өңірлеріндегідей Түркістан облысы, Жетісай ауданының мектептерінде де соңғы қоңырау соғылды. Салтанатты шараға орай Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш пен ел азаматтары, ата-аналар Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясында болып, түлектерді құттықтады. Мектеп директорына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың «Үздік мектеп – 2025» номинациясын табыс етті.
Бүгінде аталмыш білім ұясында білім алған 2200 оқушының 69-ы –бітіруші түлектер, 182-сі негізгі орта білімді тәмамдағандар. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы тұрған 26 түлек «Алтын белгі», 10 түлек «Үздік аттестат» үміткерлері. Ал 9 сыныпты бітірушілердің 43-і үздіктер қатарынан көрінуге ниетті.
Мектеп басшысы Шохан Нұрбековтың айтуынша 2004 - 2024 жылдар аралығында мектеп-гимназияны 1403 оқушы бітіріп, 100 пайыз ҰБТ сынағына қатысқан. Олардың 485-і «Алтын белгі», 258-і «Үздік аттестат» иегері атанды. 869 оқушы 100 балдан жоғары жинаса, 1067-сі мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орындарына түскен.
Мың орындық аталмыш мектепте 88 сынып комплектісі бар. Оқушылардың теориялық білімдері мен тәжірибелерін ұштастыра білулері үшін арнайы физика, химия, биология, информатика, ағылшын тілі кабинеттері мультимедиялық құрылғылармен жабдықталып, мектепте кітапхана, спортзал мен асхана қарастырылған.