ТҮРКІСТАН: Жетісайдағы сенбілікке 1200 адам қатысты

0
325

Тазаланған аймақтардағы қатты тұрмыстық қалдықтарды арнайы полигонға тасымалдау жұмыстары жүргізілді.


ТҮРКІСТАН: Жетісайдағы сенбілікке 1200 адам қатысты

Жетісай ауданындағы сенбілікке 1200 адам қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданының аумағында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жаппай сенбілік өтті. Аудан әкімі Серік Мамытов бастаған тазалық жұмыстарына 1200-ге жуық адам қатысты. Қатысушылардың 205-і мемлекеттік мекемелердің қызметшілері болса, қалғаны аудандық мәслихат депутаттары мен ерікті жастар, аудан тұрғындары болды.


«Тазалық – өзімізден басталады» ұранымен аудан тұрғындары республика көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясының сенбілігіне белсене қатысып, аудан көлеміндегі бей-берекет жатқан қоқыс орындарын, арық-атыздар мен К-26 каналының 3 шақырым арнасын, А-15 Республикалық маңызы бар автожолын, ауданның кіреберісін және Жетісай қаласын қоқыс қалдықтарынан тазартып, өсіп тұрған арам шөптерін шапты.


«Тазалық – саулық негізі. Туған жердің тұмса табиғатын көздің қарашығындай сақтап, өлкенің экологиялық тазалығына атсалысу – әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан, бүгінгі өтіп жатқан сенбілікте аудан әкімдігі басышыларынан бастап мәслихат депутаттары, жастар ұйымдары мен еріктілер, тұрғындар бірауыздан қолдау көрсетіп, атсалысуда. Тазалықты өзімізден бастауымыз керек. Ең болмағанда өз үйіміздің ауласын артық күл-қоқыстан тазартып отырсақ, өсіріп отырған ұл-қыздарымызға қоршаған ортаны таза ұстауға, туып өскен жерінің қадір-қасиетін арттыруға деген жоғары мәдениеттілік пен тәрбиемізді көрсете аламыз», – деді аудан басшысы.


Айта кетейік, жаппай сенбілік жұмыстарына тұрғындардан бөлек 11 техника жұмылдырылып, 40 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Тазаланған аймақтардағы қатты тұрмыстық қалдықтарды арнайы полигонға тасымалдау жұмыстары жүргізілді.